Жамбылда тұрақтандыру қорында 3-6 айға жететін азық-түлік бар

0 0

Жамбыл облысында азық-түлік бағалары басқа өңірлермен салыстырғанда төмен.

Мәселен, облыстағы әлеуметтік 4 тауар — нан, сүт, пияз, қант бағасы республика бойынша ең төменгі деңгейде. Тағы 4 тауар күнбағыс майы, сары май, айран, құс еті төменгі үштікте. Қалған тауарлар ортаңғы деңгейде қалыптасып, бағасы жоғары тауарлар тіркелмеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтты. Ол алдағы уақытта бағаның бірқалыпты болуына тұрақтандыру қорындағы тауарлардың жеткілікті мөлшері әсер етпек дейді. Мәселен, қазір қорда 3-6 айға жеткілікті азық-түлік бар. Олардың қатарында 444 тонна қант, 173 мың дана жұмыртқа, 53 тонна қарақұмық, 1500 тонна ұн, 181 тонна күнбағыс майы бар. Бұдан өзге жалпы 11 атаулы тауарлардың 3 382 тонна қоры жинақталған. Аймақта ағымдағы жылдың басынан қор арқылы 1202 тонна тауарлар берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артық. Былтырғы көлем 349 тонна болатын. Өткерілген тауарлардың 300,3 тоннасы әлеуметтік дүкендерге, 320 тоннасы аудандар мен ірі сауда орындарына, 581 тоннасы нан бағасын тұрақтандыруға ұн күйінде жіберілген.

«Маусым аралық кезеңде көкөніс бағаларын тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысынан 15 мамырға дейін үш жақты жеткізу келісімі негізінде қырыққабат 55 теңгеден, облыстың жергілікті өндірушілерінен сәбіз 100 теңгеден, пияз 30 теңгеден, картоп 100 теңгеден ірі 7 сауда желілеріне тікелей жеткізілуде. Бөлшек саудада қосылатын үстеме ақыны 5-15 теңгеден асырмау жөнінде келісімдер жасалды. Нәтижесінде, осы аптада қырыққабат 3,2%, пияз 2,7%, картоп 1,6% төмендеді»,-деді Қ. Аманов.

Тұрақтандыру тетіктерінің екінші жаңадан іске қосылған бағыты «айналым схемасы». Бұл бойынша жыл басында бөлінген 632 млн. теңгеге қосымша 168 млн. теңге бағытталып, жалпы 800 млн. теңгені құрайтын болады. Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 31 ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтті. Оның 12 облыстық, 19 аудандық деңгейде өткізіліп, жалпы құны 157,5 млн. теңгені құрайтын, 691 тонна өнімдер нарықтан 8-20% төмен бағадан сатылған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.