«Жастар мәселесі басты назарымда»

0 85

Праймериз, партияішілік таңдау – партияның ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мұндай бәсекеде қоғамдық өмірдің әр саласында қызмет етіп жүрген азаматтар белсенділік танытып, бақ сынауда. Олардың ішінде жастардың да жүргені қуантады. Сондай жастың бірі – «SK group» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Асхат Олжабаев. Реті келіп тұрғанда өзіндік айтар ойы бар, қашанда қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылатын жалынды жасқа көкейдегі біраз сауалымызды қойған едік.

– Асхат Құрышқалиұлы, «Nur Otan» партиясы өз тарихында алғаш рет праймериз, яғни партияішілік іріктеу өткізбек. Бұл бәсекеде сіз де бақ сынағалы отыр екенсіз. Осы үлкен саяси науқанға қандай мақсат-мүддемен келудесіз?
– «Nur Otan» партиясы әрқашан халықтың мәселелерін шешуді, әл-ауқатын көтеруді басты мақсат етіп қойған, сөздің емес істің партиясы екенін жылдар бойы дәлелдеп келе жатқаны даусыз. Партияның тағы бір артықшылықтарының бірі жаңашылдықтарды енгізе отырып, қатарын кеңейтіп келеді. Биылғы алғаш рет өткелі отырған партияішілік праймериз соның айқын дәлелі. Праймериз арқылы «Nur Otan» партиясы алдағы өтетін сайлауда, партия мүшелері өздері таңдаған ең лайықты кандидаттарын ұсынуды көздеуде.
Еліміз егемендік алғалы бері өзінің шынайы демократиялық, ашық та халықтық партия екенін дәлелдеу мақсатында өткізіліп отырған «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуінде менде өз бағымды сынаймын деп шештім. Праймеризде өз бағымды сынап, партия мүшелеріне сайлауалды бағдарламамды таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді анықтап, өз бағдарламамды толықтырмақпын. Сондай-ақ алдағы 5 жылға жоспарлаған бағытымды негізге алып, өзім секілді бәйгеге түсіп отырған әріптестеріммен пікірсайыс алаңында сөзбен де, іспен де «күреспекпін». Праймеризде жеңіске жеткен жағдайда «Nur Otan» партиясы атынан Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Жамбыл аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер ретінде бақ сынауға ниеттеніп отырмын.
Негізгі алға қойған мақсатым, өзім туып өскен Жамбыл жерінде жастық жігеріммен, ақылмен, нық сеніммен жерлестерімнің мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек еткім келеді. Өйткені жерлестерімнің мәселелері, ол – менің де мәселем.
– Әлбетте ниет білдірушілердің қарасы қалың. Барлығының жоспары жұмыр, мақсаты айқын. Сіз бұл додаға нақты қандай жоспармен келіп отырсыз?
– Менің жоспарларым негізінен жастарға бағытталған. Қазақ халқында «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген сөз бар. Аудандағы түйткілді мәселелердің шешімін табу – менің басты мақсатым. Алайда алдағы уақытта аудан игілігі үшін еңбек ететін жастарға бүгіннен бастап жағдай жасалып, олардың дарыны мен талантын, шығармашылығын шыңдауға бар мүмкіндіктер қарастырылу қажет. Өйткені осы буындағы ұрпақ араға жылдар салып билікке келген кезде өздерінен кейінгі жастарға да әрқашан қолдау көрсететіні бесенеден белгілі.
– Сізді студент кезіңізден білеміз, қоғамдық ортада белсенді болдыңыз әрі бірқатар мекемелерде жұмыс атқарып та үлгердіңіз. Дегенмен мұндай жауапты сынға алғаш рет түсіп тұрсыз. Сайлаушыларыңыздың көңілінен шықпай қаламын деген қорқыныш жоқ па?
– Еңбек кітапшамдағы жазбаларға қарасам, 2014 жылдан бері 6 мекемеде жұмыс істеген екенмін. Азды-көпті тәжірибе жинақтадым. 4 саяси науқанға қатыстым. 2012 жылы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында «Nur Otan» партиясының еріктілер қатарында, 2015 жылы Президент сайлауында Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Тараз қалалық штабында жұмыс істедім. 2019 жылы «Аманат» азаматтық алаңында Президент сайлауында бақылаушы болып жұмыс атқардым.
Бұл сайлауға менің алғаш қатысуым емес. 2016 жылы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Тараз қаласында №3 округ бойынша депутаттыққа үміткер ретінде тіркеліп, сайлаушылардың 30 пайызға жуық дауысын жинағанмын. 4 жыл бұрын өткен сайлаудағы қателіктерімнен сабақ алып, праймеризде және үлкен сайлауда барымды салмақпын.
– Аталмыш додаға үкіметтік емес ұйым жетекшісі ретінде түсіп отырсыз. Жалпы үкіметтік емес ұйымның қоғамдағы бүгінгі ролі қандай?
– Иә, мен бүгінгі таңда «SK group» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығын басқарамын. Қауымдастық құрамында онға жуық қоғамдық бірлестік топтасқан. Аудандық жерлерде үкіметтік емес ұйымдардың үлес салмағы қалалық жерлерге қарағанда төмендеу. Облыс орталығы Тараз қаласында барлық түйткілді мәселелерді шешу жолында қоғамдық ұйым өкілдері өз ықпалын тигізуде. Азаматтық сектор өкілдері халықтың мәселелерін билік өкілдерінің алдында көтеріп, шешуді талап етіп жүретін екі ортадағы көпірге айналып келеді. Осындай тенденцияны ауданда да қалыптастырғым келеді.
– Аймақта жастарға қатысты нендей мәселелер бар деп ойлайсыз? Сол ауданда тұрып жатқан соң ондағы жастардың бас ауыртар мәселелерін де білетін боларсыз…
– Аймақтағы жастардың негізгі мәселелері жұмыссыздық немесе жұмыс үшін төленетін қаражат көлемінің төмендігі және баспанамен қамтумен тығыз байланысты. Сондықтан да жастар көбіне тұрақты болмаса да төлемақысы жоғары Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларына жұмысқа кетіп қала береді. Оларды ауданда алып қалу үшін ауданда түрлі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ақысы төленетін 6 айлық, 1 жылдық жұмысқа қабылдайды. Уақыты аяқталғаннан кейін жастар қайтадан жұмыссыз, бос қалады.
Ауданда дарынды да еңбекқор жастар жетерлік, тұрақты жұмыс болатын болса аудан жастарының біразы туған елге келіп еңбек етер еді. Екінші мәселе – үй мәселесі. Ауданда бірқатар ауылда жеке тұрғын үй соғуға жер телімін беру мәселесі бар. Сол секілді жер телімін алуға кезекте тұрғандардың саны да күн санап артып келеді. Міне басты кезекте осы мәселелер реттелсе, қалғаны уақыт өте шешілер.
– Әлемдегі қазіргі ахуал қоғам өмірін, дамуын түбегейлі өзгертті десек те болады. Сіздіңше біздің қоғам қалай, қай жағына қарай бетбұрыс жасауы тиіс?
– Шыны керек биылғы індет кім-кімге болсын оңай тиген жоқ. Еліміз қаншама үлгі тұтар дарынды азаматтардан айырылды. Бұл біз үшін орны толмас қайғылы жағдай. Көптеген жұмыс орындары жабылып қалды. Менің түсінігімде біз білетін әлем, күнделікті өмір, жұмыс орындары қайтып оралады. Қазіргі кезде карантиннен кейінгі болатын өмірге бейімделуіміз қажет және алдағы уақытта дәстүрлі өмір сүру жүйесіне байланып қалмай, қиын жағдайға, сын шаққа икемделе өмір сүруге дағдылануымыз керек. Қоғам қазір мемлекет жұмыс береді деп күтіп отырмауы тиіс. Қоғам мемлекетке пайдасын әкелетін жаңа жұмыс көздерін табуға ұмтылуы, жаңа технологияларды меңгеріп, өзін және жақындарын жаңа жұмыспен қамтамасыз етуге тырысуы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.