Ғалымдар тағы бір аты жаман ауырудың емін тапты
Дәл осы ақуыздардың шамадан тыс жиналуы нейрондардың өліміне әкеледі
Вашингтон университеті (Сент-Луис) мен Калифорния университетінің ғалымдарынан құралған халықаралық зерттеу тобы миды нейродегенеративті аурулардан қорғауға көмектесетін жаңа РНҚ молекуласын анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Report агенттігінің мәліметінше, зерттеу нәтижесі Molecular Psychiatry ғылыми журналында жарияланған.
Ғалымдардың айтуынша, FAM151B-DT деп аталатын ұзын, ақуыз түзбейтін РНҚ ми жасушаларының "тазалық жүйесіне" әсер етеді. Оның деңгейі Альцгеймер, Паркинсон және фронтотемпоралды деменцияға шалдыққан адамдардың миында едәуір төмендейтіні анықталған.
Бұл РНҚ жасушалардағы ақаулы тау және α-синуклеин ақуыздарын жою процесіне қатысады. Аталған ақуыздардың шамадан тыс жиналуы нейрондардың зақымдануына және олардың өлуіне себеп болады.
Зерттеу барысында ғалымдар FAM151B-DT молекуласын жасанды түрде "сөндіргенде", жасушалар өздігінен тазара алмай, улы ақуыздар жылдам жинала бастаған. Ал бұл молекуланың белсенділігі арттырылғанда, керісінше, жасушалардың өзін-өзі тазалау қабілеті күшейіп, зақымданған ақуыздар азайған.
Мамандардың пікірінше, FAM151B-DT болашақта Альцгеймер мен Паркинсон секілді әзірге емделмейтін ауруларды тежеуге бағытталған жаңа емдеу әдістерін жасауға негіз бола алады.