Әлемде

Apple көш бастады: әлемдегі ең қымбат брендтер белгілі болды

Рейтингке енген ең қымбат брендтердің басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі — 50%-дан астам.

20 қаңтар күні Brand Finance консалтингтік компаниясы әлемдегі ең қымбат брендтердің жаңартылған тізімін ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Зерттеу нәтижесіне сай, технология саласының көшбасшысы саналатын Apple компаниясының бренд құны 607,6 млрд долларға жеткен. Brand Finance мәліметінше, Apple бренді өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға қымбаттаған.

Елеулі өсім көрсеткен Microsoft рейтингте екінші орынға тұрақтап, оның нарықтық бағасы 565,2 млрд доллар деп есептелді. Ал үшінші орынға Google жайғасып, бренд құны 433,1 млрд долларды құрады.

Алдыңғы үштіктен кейін Amazon тұр — 369,9 млрд доллар. Бесінші орынға Nvidia көтерілді, оның бағасы 184,3 млрд доллар деп бағаланды. Бұл компания құны шамамен екі есеге артқан TikTok, Walmart, Samsung және Facebook брендтерін артта қалдырды. Айта кетейік, өткен жылы Nvidia бұл рейтингте тек 9-орында болған еді.

Сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі ең қуатты бренд атағы YouTube-қа бұйырды. Қытайлық WeChat екінші орынға шықса, Microsoft бренд күштілігі жағынан Google мен LEGO-дан озып, үздік үштікке енді.

Рейтингке енген ең қымбат брендтердің басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі — 50%-дан астам. Қытай үлесі 15%-ды, ал Германияның көрсеткіші 5,6%-ды құрады.

Сонымен қатар, 15 қаңтар күні әлемдегі жетекші әуе тасымалдаушыларының бірі Emirates компаниясы «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін жеңімпазы, әлемнің бірінші ракеткасы атанған беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен серіктестік орнатқанын хабарлады.