“Армяндар жерді қайтарады…”. Пашинян мен Әлиевтің қандай келісімге келгені белгілі болды
“Армяндар жерді қайтарады…”. Пашинян мен Әлиевтің қандай келісімге келгені белгілі болды
ArmInfo ақпарат агенттігінде Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы құжат мәтіні жарияланды.
Соған сай аймаққа құрамында 2 мыңға тарта жауынгері бар Ресей бітімгерлері келеді. Ресей әскерилері Қарабаққа әзірдің өзінде аттанып кеткен.
Бұдан бөлек құжатта келесідей талаптар бар. Атап айтқанда:
- Ресейдің бітімгер күштері аталған аймақта алдағы 5 жыл бойына аялдайды. Егер қандай да бір тарап ниет танытса, келісім тағы да 5 жылға ұзарады.
- Армения 15 қарашаға дейін Келбаджар ауданын, 20 қарашаға дейін Агдам ауданы мен Газах ауданындағы территорияларды, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын Әзірбайжанға қайтарып беруге міндетті. Армян тарабы ұзындығы 5 шақырым Лачин дәлізін бақылайтын болады. Бұл дәліз өз кезегінде Таулы Қарабақ мен Армения арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Алайда Шушу қаласын айналып өтеді.
- Босқындар Таулы Қарабаққа қайтып оралады. Бұл істі БҰҰ бақылауға алады.
- Армения Әзірбайжанның батыс аудандары мен Нахичеван автономды республикасының арасындағы көлік қозғалысын қамтамасыз етуді мойнына алады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін Ресейдің күш құрылымдары қадағалайды.