Брексит тағдырдың жазғаны ма?
Брексит тағдырдың жазғаны ма?
Еуропадағы биылғы жыл бірқатар саяси оқиғамен басталды. Біріншісі – Ұлыбритания ақыры Еуропалық одақ құрамынан шықты. Тұманды Альбион бұл ұйыммен түбегейлі ат құйрығын кесіспегенімен, ендігі жерде экономикалық тұрғыда ешкімге бағынышты емес. Екіншісі – Германиядағы Христиан-демократиялық одағының көшбасшысын таңдау. Яғни саяси тұрғыда канцлер Ангела Меркельдің ізбасары анықталды. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы екі оқиға кеңінен талқыланады.
Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі Роберт Скидельский өз мақаласында Брекситтің себептеріне үңіліп көрген. Автордың пайымдауынша, Тұманды Альбионның одақ құрамынан шығуы уақыт еншісіндегі ғана шаруа еді. Өйткені тарихтағы оқиғалар Брекситтің бүгін болмаса, ертең басталатынын көрсеткен.
Стенфорд университеті Гувер институтының ғылыми қызметкері Йозеф Йоффе Христиан-демократиялық одағының жаңадан сайланған төрағасы Армин Лашеттің алдағы саясатына көз жүгірткен. Мақала авторы жаңа төраға канцлер Ангела Меркельдің ұстанған саясатынан ауытқымайды деп есептейді. Сондықтан ол Германия келешекте «Меркель минус Ангела» саясатын, яғни Меркель бағытын Ангела ханымның өзінсіз-ақ жалғастыра беретінін айтады.
Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
Бір жағынан алғанда, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы – айлакерлікке салған бұрынғы премьер-министр Дэвид Кэмеронның тым ақылды саясатының салдары. 2015 жылы Ұлыбританияның Тәуелсіздік партиясы қозғалысының жетекшісі Найджел Фараждың үндеуіне жауап ретінде, оған қоса келе жатқан жалпы сайлауда консерваторлардың басымдығын қамтамасыз ету үшін Кэмерон Ұлыбританияның ЕО-да қалу-қалмауы туралы референдум өткізуге уәде берді. Оның пайымдауынша, өз жақтастары жеңіске жетіп, Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамында қала беруге тиіс еді. Ол бірінші мақсатына ғана қол жеткізді. Бірақ 2016 жылғы референдумда Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуын қолдайтындар жеңіске жеткен соң, қызметінен кетті.
Осы тұрғыдан қарағанда, Брексит – саясаткердің тактикалық қателігінен туындаған тарихи кездейсоқ оқиға. Бірақ бұл күрделі саяси жағдайдың беткі жағы ғана. Неміс философы Георг Вильгельм Фридрих Гегель «Минерваның үкісі тек ымырт түскен кезде ғана қанатын жаяды» деп жазғанында, тарихтың шынайы келбеті оқиғадан кейін ғана айқын болатынын білдірген-ді. Әңгіме арқауына алынған оқиға – күтпеген салдар заңының жарқын мысалы. Кэмеронның саяси айла-шарғысы осыған әкеліп соқты. Оның саяси шамшылдығы Гегель айтқан Вельтгеистің немесе әлемдік рухтың жұмысын – тарихта көзге көрінбейтін күштің әрекетін орындады.
Шындығында, сол кезеңде пікірталасқа қатысқандардың ешқайсысы мұндай нәтиже күткен жоқ. Шығуды қолдағандар да, қалуды жақтағандар да өздеріне қажетті жеңіске жету қиын деп есептеді.
Әйтсе де, кейінге көз салсақ, Ұлыбританияның Еуропадан емес, институционалды тұрғыда Еуропалық одақ құрамынан шығуы уақыт еншісіндегі шаруа болатын. Қиялға ерік беріп, шығуды қолдағандар қараңғылықтың жақындағанын сезді, ал қалуды қолдағандар байқамады деуі мүмкін.
Дегенмен, Ұлыбритания ЕО-ға кеш қосылды және ондағыларға қолайсыз мүше еді. Оның саяси салмағы күшейіп, Одақтың болашағына қауіп төндірді. Өткенге көз жүгіртсек, Ұлыбританияның ат құйрығын кесуі 1992 жылғы Маастрихт келісімімен құрылған Экономикалық және валюталық одақтан (EMU) шығу туралы шешімінен басталды.
Еуропалық одақтың бүкіл мүшесі кіруге тиіс EMU саяси одақтың негізгі баспалдағы атануы тиіс-тұғын. Біртұтас валютаға бәсекелес саяси қарсыластың болмауынан туындаған 2012-2014 жылдардағы еуроаймақ дағдарысын Еуропалық одақ лидерлері мемлекет құруды одан әрі дамытуға қажетті демеу деп есептеді.
Сол кездегі дағдарыстан бері Еуропалық одақ салықтық одаққа, банктік одаққа және Еуропалық орталық банктің несие беруші құралы қызметіне қатысты сенімсіз қадам жасады. Әлі күнге дейін қағаз жүзінде қалғанына қарамастан, Еуропалық комиссия, Еуропалық парламент және Еуропалық орталық банктің бақылау және қадағалау өкілеттіктерін күшейтуге әрекет етті. Коронавирус пандемиясынан туындаған экономикалық дағдарыс бюджеті мол құтқару жоспарын жасауға итермеледі. Сонымен, шығуды қолдағандар ЕО-ның экономикалық құрылымына енген федералистік ұғымды аңғарғаны дұрыс болды.
Бірақ федерализм Еуропаның алға қойған мақсаты ма? Көптеген федералистер егер ЕО-ның 27 мүшесі саяси одаққа біріге алмаса, Еуропа мемлекеттерінің одақтасуынан мүлдем бас тартатынын айтады.
Алайда мұндай пікірді тыңдау қате. Еуропаның келешегіне қатысты бірнеше ықтимал жағдай бар. Германияның бұрынғы қаржы министрі Вольфганг Шабле айтып кеткендей, бір нұсқа – Еуропаның «айнымалы геометриясы». Германия бастаған мүше-мемлекеттердің негізгі тобы біртұтас валюта жүйесінің жұмыс істеуі үшін жеткілікті дәрежеде одақтасса, Жерорта теңізі тобы реттелетін айырбас бағамдары сияқты икемді келісімді таңдамақ.
Мұндай бағыт ақылға қонымды әрі ықтималдылығы жоғары. Бірақ Еуропа бұл бағытты ұстанған жоқ, өйткені оның тартымсыздығынан бөлек, Еуропа болмысынан өнімді және өнімсіз өңір мен нәсілге бөлінеді деген ескі идеяны қайта жандандырады (бәлкім бейсаналық тұрғыда). Бірақ мұндай жағдай болуы әбден мүмкін.
Жаңғырған ортағасырлық көзқарас көпшілікті еліктіреді. Кент университетінің саясаттанушысы Адриан Пабст бүгінгі еуропалық жүйені «гибридті институттар, бір-бірімен қабаттасқан юрисдикциялар, бірнеше мүшелік, полицентрлік билік және көп деңгейлі басқару» құрамынан тұрады деп сипаттайды. Мұндай Еуропа құқықтық келісімшарттарға емес, әлеуметтік қатынастардың шынайылығына негізделген.
Өзара адалдық төлқұжаттарға емес, шын мәніндегі жақындыққа байланысты. Ал «өзара көмектесу» – жалпы міндеттерді шешудің әдісі мен түрткісі. Мұндай Еуропа субсидия және ортақ трагедия сияқты идеяларға байыппен қарайды. Оның көзқарасына сәйкес федералдықтар маңызды деп санайтын орталық бақылаусыз-ақ экономикалық басқарудың барлық қажетті міндеттерін азаматтық қоғам орындай алады.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала сала, бір орталыққа шоғырланбаған Еуропа идеясы Гитлер империясының жойқын полюсі мен бір-бірімен соғысқан мемлекеттер арасындағы оңтайлы орта жол ретінде ұсынылды. Бұл, әсіресе, Германияда, әлсіз федерализм негізінде федеративтік республика құрылған мемлекетте анық аңғарылды. Джон Мейнард Кейнсті де «кішігірім саяси және мәдени бірліктерді үлкенірек және тығыз экономикалық одаққа біріктіру» идеясы қызықтырды.
Егер Еуропа осы бағытта дамығанда, Ұлыбритания Еуропалық одақтан соншалықты алшақ кетпейтін еді. Өйткені одақтың өзі басқаша құрылатын еді. Бірақ Пабстың сөзіне сүйенсек, еуропалық идея Жан Моннет сияқты мемлекет құрушылардың инструменталды «неофункционализміне» және нормаға емес, ережеге негізделген нарықтық тәртіпті қалайтын Хайекшілердің «ордо-либерализміне» бой ұрды.
Жаңартылған феодализм көзқарасының болашаққа қандай да әсері туралы пайымдау маңызды. Біріншіден, бұл идеяның академиялық тұрғыда ақтап алатын өте маңызды өткір аналитикалық қыры жоқ. Әлеуметтанушылар мемлекет, нарық және қоғам тұрғысынан ойланады және өз жұмыстарын саяси ғылымдар, экономика және әлеуметтану салаларына бөлісе алады. Бірақ академиялық шекараларға кедергі келтіретін әлеуметтік ойлар схемасы оларды жағаға шығып қалған киттерге ұқсатады.
Оның үстіне, феодалдық Еуропа діни және мәдени жағынан өте алшақ болғанымен, экономикалық тұрғыдан тұрақты еді. Қайта өрлеу дәуіріндегі қалалар, қазіргі заманның ізашарлары ой мен өнердің ғажайыптарын туындатты. Бірақ технологиялық прогресс, еңбек өнімділігінің өсуі немесе жан басына шаққандағы табыстың артуы баяу болатын. Экономиканың дамуына қол жеткізу үшін Еуропаның солтүстік-батысында жаңадан бой көтерген мемлекеттер бірікті.
Қазіргі демократияның негізгі талабы – тұрақты экономикалық өсім мен бәріне ортақ тең жағдай жасауға қажетті жергілікті және орталықтандырылған бақылаудың табысты үйлесімін қамтамасыз ету. Мүмкін Еуропада осыған бастайтын жол бар шығар. Бірақ Brexit оны әлі таппағанымызды көрсетті.
Роберт СКИДЕЛЬСКИЙ,
Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі,
Уорвик университетінің саяси экономика профессоры,
Джон Мейнард,
Кейнстің үштомдық өмірбаянының авторы. Ол өзінің саяси мансабын Лейбористік партиядан бастаған, Консервативтік партияның лордтар палатасындағы қазынашылық істері жөніндегі өкілі міндетін атқарған. 1999 жылы Косовоға НАТО-ның араласуын сынағаны үшін Консервативтік партиядан шығарылған
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org