Әлемде

Еуропада шұжыққа қатысты дау туындады

Еуропарламент өсімдік негізіндегі өнімдерге «бургер», «шұжық», «шницель» сияқты атауларды қолдануға тыйым салу туралы бастаманы қолдады.

Бұл ұсынысты консервативті Еуропалық халық партиясы енгізген. Партия мүшелерінің айтуынша, мұндай атаулар тек шын мәнінде еттен жасалған өнімдерге ғана тиесілі болуы тиіс, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.

Бастаманың мақсаты — фермерлерді қорғау және тұтынушыларды шатастырудың алдын алу.

Германия канцлері Фридрих Мерц те бұл тақырыпқа пікір білдіріп, «Шұжық — ол шұжық. Шұжық — веган болмайды» деген болатын.

Алайда шешім сынға да ұшырады. «Жасылдар» партиясынан Еуропарламент депутаты Анна Каваццини бұл бастаманы сынап, «Әлемде маңызды мәселелер жетерлік, ал ЕНП осы аптада шұжық пен шницель туралы дауға уақыт бөлді», — деді.

Aldi Süd, Lidl, Burger King және Rügenwalder Mühle сияқты ірі компаниялар да Еуропарламентке ашық хат жолдап, бастаманы қабылдамауға шақырды. Олардың пікірінше, тұтынушылар өсімдік өнімдерін еттен оңай ажырата алады, ал тыйым бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

Енді Еуропарламент бұл шешім бойынша Еуроодақтың 27 елімен түпкілікті келісімге келуі тиіс.