Әлемде

GGG-ге көрсетілген құрмет: The Ring кешіндегі ерекше сәт

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан Головкиннің бір үстел басында pound-for-pound рейтингінің бұрынғы көшбасшысы Теренс Кроуфордпен еркін әңгімелесіп отырғанын көруге болады.

Орта салмақта бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған Геннадий Головкин Нью-Йоркте өткен The Ring Awards салтанатты марапаттау кешіне қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Беделді The Ring журналы ұйымдастырған бұл шарада қазақстандық боксшы әлемдік бокстың танымал тұлғаларымен жүздесті.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан Головкиннің бір үстел басында pound-for-pound рейтингінің бұрынғы көшбасшысы Теренс Кроуфордпен еркін әңгімелесіп отырғанын көруге болады. Сондай-ақ, ол өзінің бұрынғы қарсыласы, америкалық Дэниэл Джейкобспен жылы шыраймен амандасты.

Кадр сыртындағы әңгімеде Джейкобс Геннадий Головкиннің бокстағы жолын жоғары бағалап, оның көрсеткен деңгейі мен өткізген жекпе-жектері үшін алғыс білдіргені естіледі.

Айта кетейік, Головкин мен Джейкобс 2017 жылы Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында кездескен еді. Сол жекпе-жекте IBF, WBC және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атақтары сарапқа салынды. 12 раундқа созылған тартысты кездесуде Геннадий Головкин төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен болатын. Ал Дэниэл Джейкобс GGG-мен толық 12 раунд өткізген алғашқы қарсылас ретінде тарихта қалды.