Хаменеидің ұлы Иранның жоғарғы көшбасшысы болып сайланды
Дегенмен, Иранның ресми билігі мен мемлекеттік ақпарат құралдары әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ
Аятолла Әли Хаменеидің қазасынан кейін оның ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып сайланғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жөнінде Ислам Республикасындағы дереккөздерге сүйенген DW мәлімдеді.
Сондай-ақ жергілікті Iran International басылымы да осы мәліметті жариялаған. Дегенмен, Иранның ресми билігі мен мемлекеттік ақпарат құралдары әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ.
Хаменеи дүниеден өткен соң ел басқару міндеті уақытша үш адамнан тұратын кеңеске жүктелді. Кеңес құрамына президент Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі аятолла Әлиреза Арафи енген.
Иран заңнамасына сәйкес, елдің рухани көшбасшысын ислам құқығы саласының ғалымдарынан құралған Сарапшылар кеңесі тағайындайды.