Әлемде

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге елден шығуға тыйым салынған

Бұл шектеу оған тағылған айыптауларға байланысты

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге елден шығуға тыйым салынды,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz Yonhap News деректеріне сілтеме жасап.

Бұл мәселе полиция мен прокуратураның президентке және бірнеше жоғары лауазымды үкіметтік әрі әскери шенеуніктерге қатысты мемлекетке опасыздық және басқа да қылмыстар бойынша тергеу жүргізуі аясында көтерілген. Айыптаулар елде әскери жағдай енгізу, бүлік шығару және билікті асыра пайдалану мәселелерімен байланысты. Осы істі тергеу үшін полиция шамамен 150 тергеушіден тұратын арнайы топ құрған.

Полиция өкілі бұған дейін барлық дәлелдемені жинап, жағдайға кешенді баға беру қажет екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Юнды жеке тергеу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды.

Сонымен қатар, елдің Қорғаныс министрлігі, мемлекетке опасыздық жасау және тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, Оңтүстік Кореяның қарулы күштерін басқару жоғарғы бас қолбасшы ретінде әлі де президенттің қолында екенін атап өтті.