Әлемде

Таяу Шығыстағы шиеленіс: қара алтын тағы қымбаттады

Бағаның шарықтауына Дональд Трамп жасаған мәлімдеме де түрткі болды.

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы әлемдік мұнай нарығына бірден әсер етті. Әсіресе Ормуз бұғазы маңындағы жағдай күрделене түскен соң, бағалар күрт шарықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бағаның шарықтауына Дональд Трамп жасаған мәлімдеме де түрткі болды. Ол Иранға тиесілі жүк кемесін басып алуы мүмкін екенін айтқаннан кейін, нарықта алаңдаушылық күшейді.

Нәтижесінде Азиядағы саудада Brent маркалы мұнай 6,4%-ға өсіп, баррелі 96 доллардан асты. Ал америкалық WTI мұнайы 7,5%-ға қымбаттап, 90 доллар шамасына жетті.

Сарапшылардың айтуынша, негізгі тәуекел – Иранның осы маңызды теңіз дәлізін жабуы мүмкін деген қауіп. Иран бұған дейін бұғаз арқылы өтетін коммерциялық кемелер қозғалысына шектеу қоюы ықтимал екенін ескерткен. Айта кету керек, жаһандық мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен бестен бірі дәл осы бағытпен өтеді.

Соңғы кезде АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі энергетикалық нарықтарды тұрақсыз күйге түсірді. Мамандар бағаның құбылуын көбіне тараптардың қарама-қайшы мәлімдемелерімен байланыстырады.

Бұдан бөлек, АҚШ делегациясы Пәкістан еліне келіссөздер жүргізу үшін бармақ. Алайда Иран өкілдері бұл кездесуге қатысу-қатыспау мәселесі әлі нақтыланбағанын жеткізді.

Қазіргі таңда Ормуз бұғазы толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ, бұл жағдай әлемдік энергия нарығына қосымша қысым түсіруде.