Қырғызстан билігі ұлттық тұрақты цифрлық монета KGST жобасын іске қоспақ
Бұл монета USDKG жобасынан ерекшеленеді
Қырғызстан билігі ұлттық тұрақты цифрлық монета KGST жобасын іске қосатынын және цифрлық сомды мемлекеттік төлемдер жүйесіне енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz CoinDesk сайтына сілтеме жасап.
KGST – қырғыз сомына тең бағамда бекітілген цифрлық ақша. Яғни оның құны 1 сомға тең және ұлттық валютамен толық қамтамасыз етіледі. Жоба елдің Цифрлық активтер мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Бұл монета USDKG жобасынан ерекшеленеді.
USDKG – АҚШ долларына байланған тұрақты цифрлық ақша, ол Қырғызстанның Қаржы министрлігі сақтайтын 500 миллион долларлық алтын қорымен қамтамасыз етілмек. Бұл жоба 2025 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады.
Сонымен қатар, Қырғызстанның цифрлық сомы, яғни Орталық банк шығаратын электронды ақша, ресми түрде заң жүзінде мойындалды. Алдағы уақытта ол мемлекеттік төлемдерде сынақ ретінде қолданыла бастайды.
Бұл бастама президент Садыр Жапаровтың биылғы сәуір айында енгізген заңнамалық өзгерістерінен кейін жүзеге асып отыр. Өзгерістерге сай, ұлттық банк цифрлық ақшаны толық іске қосқаннан кейін, ол ресми төлем құралы мәртебесін алады.