Биылдан бастап әр балаға 235 мың теңгеден беріледі
Қазақстанда жаңа "Келешек" бағдарламасы іске қосылды
Қазақстанда "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленді. Бұл игілікті пайдалану үшін баланың жасы 5 жастан асуға тиіс. Биылдан бастап аталған бағдарлама аясында әр балаға 235 мың теңгеден беріледі деп хабарлайды Jambylinfo.kz. inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонда оған мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы беріледі. Оған жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы және банктік депозиттік пайыздар төленеді.
Бұл ретте "Келешек" бағдарламасының қаржысын техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге бағыттауға болады.
Егер кәмелет жасқа толған дарын колледжге немесе университетке, одан соң магистратура не докторантураға грантпен түсіп, осының бәрін тегін алса, онда "Келешектің" қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, пәтер сатып алуға жұмсауына рұқсат етіледі.
Баспана керек болмаса, салымын әрі қарай жинақтауды жалғастыруына немесе басқа балаға, туысқанына сыйлауына болады.
Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов бағдарлама аясында балалардың қанша алатынын түсіндірді.
"Келешек" аясында балалардың ата-аналарымен шарт бекітіледі. Дегенмен, министрдің орынбасарының айтуынша, келісімшартқа қол қою құқығы жетімдер үйінің басшысына берілуі мүмкін.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Құдайберген Бексұлтановтың түсіндіруінше, "Келешек" аясында баласына мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын алу үшін ата-аналар бағдарламаға қатысатын банкте шот ашып, оған өздері де ақша салып тұруға міндетті болады. Егер қатыспаса, ең төменгі жарнаны енгізбесе, мемлекеттік капиталды да ала алмайды.
Оның айтуынша, ата-аналардан өз баласының шотына жыл сайын салып тұруы талап етілетін ең төменгі жарна:
халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы балалар үшін 12 АЕК-ті (2025 жылы – 47 184 теңгені),
басқа барлық балалар үшін 24 АЕК-ті (биыл 94 368 теңгені) құрайды.
Үшіншіден, Үкімет жыл сайын осы жинақтарға барлық балалар үшін 5%, халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы балалар үшін 7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы қосады.
Төртіншіден, бағдарламаға қатысушы банктер төл депозит мөлшерлемесі бойынша "Келешек" салымдарына депозиттік ақша сыйлықақысын төлейді.
Қорыта айтқанда, мемлекет әрбір балаға өмірінде 1 рет қана беретін біржолғы бастапқы капиталға және ата-аналардың өздері баласы үшін дәл сол шотта жыл сайын жинайтын жинағына біріншіден мемлекеттік премия беріледі (5 не 7 пайыз). Екіншіден, оларға банктер депозиттік сыйақы есептейді. Оның көлемі банкке байланысты болады.
Ақыр соңында жинақталған қаражатты баланың колледждегі оқуына, университетке ақылы түсуіне жұмсалуы қажет. Бұл жерде депутаттардың айтуынша, заң бойынша қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға болады.
Егер бала білім беру грантымен тегін түссе, жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе басқа деңгейде білім алу, екінші мамандығын игеру үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, қаражатты үшінші тұлғаның – туған аға-інілерінің, әпке-сіңлілерінің ұқсас салымына немесе сақтандыру компаниясының шартына аударуға болады.
Заң бойынша "Келешек" қолданыстағы "AQYL Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде" жұмыс істейтін болады. Соны ауыстырады.