Дене шынықтыру «екінші сұрыпты» пән емес

0 211

Ұрпақ тәрбиесінде олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуымен бірге денінің сау болып өсуі де маңызды фактор саналады. Демек балаларды ерте жастан дене шынықтыру мәдениетіне баулып, оларды саламатты өмір салтын ұстануға бағыттау өзекті мәселе. Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында да Мемлекет басшысы өрендердің спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аударып, бұқаралық спорт пен дене тәрбиесіне мән беруге шақырды. Жолдау жүктеген осынау жауапкершіліктің үдесінен шығуда мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәніне көңіл бөлудің берері мол болмақ. Қысқасы бүгінге дейін «екінші сұрыпты» саналып келген пәнге деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін шақ туды.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін білім беру мекемелерінде дене шынықтыру пәніне тиісті деңгейде назар аударылмай келді. Тал шыбықтай бұралып өсіп келе жатқан жасөспірімнің жан-жақты жетілуі үшін мектеп бағдарламасындағы әрбір пәннің өзіндік орны бар екендігін де ескермегеніміз ащы да болса шындық. Есесіне кейбір мектептерде «болашағы бар» пәндерге зейін салып, Ұлттық бірыңғай тестілеу мен аралық, тоқсандық бақылауға дайындықты пысықтауда дәл осы пәнге арналған уақыт жұмсалып келді.
Өз кезегінде білім беру жүйесіндегі осы бір олқылықтың орны мектеп оқушыларын жыл сайын жергілікті әскери комиссиараттарда медициналық тексеруден өткізу кезінде ашылып жатады. Сала мамандары әлжуаз, денсаулығында ақауы бар жастардың көбеюін олардың дене шынықтырумен тұрақты айналыспағандығымен байланыстырады. Қалай десек те балаларды дене шынықтыру мәдениетіне баулып, спорттық мансабындағы алғашқы қадамын нықтауға ықпал ететін пәнге лайықты көзқарас ұрпақ саулығы үшін ауадай қажет.
Ұрпақтың заман ағымына сай, бәсекелестіктің кез келген түріне төтеп беру қабілеті сыналар шақта «Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар» деген түсініктің жетегінде кету абырой әпермейді. Әрі әлемдік пандемияға байланысты білім беру жүйесі қашықтан оқыту форматына көшкен шақта оқушылардың дене шынықтыруға жүйелі көңіл бөлуі оларды компьютер мен смартфонға тәуелділіктен сақтаудың құралына айналады. Қалай десек те дені сау ұрпақ қана елдің болашағын жарқын ете түспек. Сол себептен де білім беру ұйымдарындағы дене шынықтыру пәнін өткізу, жалпы мектеп оқушыларының спортқа қызығушылығын арттыруда туындаған мәселелер өзектілігін жоя қоймайды.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша 442 жалпы білім беретін мектептің 426-сында спорт зал бар. Ондағы 2674 мектепішілік спорттық секциясында 115 мың 518 оқушы спортпен айналысады екен. Өңір жастарының салауатты өмір сүруге дағдылануына 27 аула клубы мен 157 үйірме, 35 балалар мен жөспірімдер мектебі де лайықты ықпал етіп отыр.
– Бүгінде 147 мың 993 жамбылдық оқушы спорт секциялары мен үйірмелерде спортпен шұғылданады. Жаңа оқу жылында жанына спортты серік еткен оқушылардың үлесін 68 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда әне-міне қолға алынғалы тұрған «Дене шынықтыру менің ауламда» деп аталатын жобадан үлкен нәтиже күтеміз. Аталмыш жоба қалада тұратын оқушылардың көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы спорттық нысандарды тиімді пайдалануына бағытталған. Мектеп бағдарламасындағы сабақтардың дені онлайн режимде оқытылып жатқандығын ескерсек, ара-тұра оқушылардың компьютер мен смартфонды тастап, ауладағы спорттық нысандарға асық ететін жобаның тиімділігі ешқандай талас тудырмайды. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап мектептерде спорттық үйірмелер мен секциялар ашу, оларды білікті дене шынықтыру нұсқаушысымен қамтамасыз ету, аудандық білім бөлімдері жанынан балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру орталығының немесе аула клубтарының жұмысын ұйымдастыру жоспарланып отыр, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының директоры Аманғали Жартыбаев.
Әлбетте орталық директоры келтірген статистикалық деректерге ешқандай күмән келтіре алмаймыз. Әрі қала балаларын спортқа үйір ету мақсатында «Дене шынықтыру менің ауламда» сынды жобаның қолға алынуы қуантады. Әйтсе де мектеп оқушыларына дене шынықтыру пәнін оқытуда әлі де көптеген олқылықтардың бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Спортқа қабілеті бар балалардың бұл мүмкіндігін одан әрі жетілдіре отырып, өзге оқушылардың физикалық әлеуетін тануды ұмытпаған жөн. Бұл орайда пән мұғалімдерінің кәсібилігі сыналады. Сондай-ақ спорт залдардың материалдық-техникалық жабдықталуы мен сабақтан тыс жұмыстардың өз деңгейінде ұйымдастырылуы да өз алдына ауқымды мәселе саналады. Көтеріліп отырған тақырып төңірегінде бізбен ой бөліскен мамандардың пікірі осыған саяды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дене шынықтырудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмақан Ноғайбайұлы осы тектес бірқатар мәселелердің дене шынықтыру пәнін өз деңгейінде өткізуге кедергі келтіретінін айтады.
– Мұнда ең әуелі дене шынықтыру пәні мұғалімінің өзіне берілген уақытты қаншалықты тиімді пайдалана алатындығын ескерген жоқ. Сабақтағы әрбір минуттың мақсатты жұмсалуы маңызды. Одан соң мектептердегі спорт залдардың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуы әлі де сын көтермейді. Кейбір мектептерде пәнге қажетті қарапайым құрал-жабдықтары да жоқ. Бұл мәселені шешуге мектеп директоры мүдделі болмай, алға қадам басу қиын. Мектептердегі материалдық-техникалық базаның әлсіздігінен гимнастика мен жеңіл атлетиканың дамуы кенжеледі. Спорттың «ханзадасы» саналатын гимнастиканың элементтері барлық спорт түрлерінде кездеседі. Сондықтан балаларды осы спорт түрлеріне ерте жастан баулыған жөн. Мұнан соң ұлттық спорттық ойындарды да ұмыт қалдырмау керек. Ең бастысы бізде қазір сабақтан тыс жұмыстар жүйелі ұйымдастырылмайды. Сондай-ақ дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен спорт мектептері арасындағы байланыс жоқ, – деді Ж.Ноғайбайұлы.
Ал Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқар Шалов сабақтан тыс шараларды ұйымдастырушыларға қосымша ақы төленсе деген ұсынысын жеткізді.
– Бүгінде мектептердегі дене шынықтыру пәні тек стандартты форматта өткізіліп жатыр. Яғни пән мұғалімдері ресми бекітілген стандарттан асып кете алмайды. Сондықтан салауатты ұрпақ тәрбиелейміз десек ең әуелі мектептен тыс спорттық шараларды көптеп өткізу қажет. Осы арқылы мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік өрендер іріктеліп шығады. Спорттық үйірмелер мен секцияларды ашып, осы өрендерді бала күнінен спортқа баулып жүрген мамандарға қосымша ақы төленуі керек.
Жалпы, бұл пәнге қатысты көзқарас соңғы жылдары біршама түзелді. Қазір әр сыныпқа аптасына 3 сағат дене шынықтыруға бөлінген. Соған қарамастан материалдық-техникалық базаны жетілдіру, аула спортына көңіл бөлу, спорт әдіскерлерінің халықпен жүйелі жұмысқа назар аударуы сынды мәселелерде салаға жауапты мамандардың бірлесе әрекет етуі қажет етіледі, – дейді Асқар Орынбекұлы.

Дене тәрбиесі пәнін оқытуда сала мамандары көтерген мәселенің қай-қайсысы да өзекті. Қорыта айтқанда, мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнін жүйелі оқытуды оның деңгейін көтеруден бастаған жөн. Сонда ғана болашақ Олимпиада, әлем чемпиондарының спорттық мансабына негіз болатын пәнге деген көзқарас түбегейлі өзгермек.

Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.