Мектеп әжетханалары ретке келтірілуде

35

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Жолдауында қоғамдық кеңестердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға баса назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Себебі, құрылғалы бері бес жыл ішінде билік пен халық арасындағы алтын көпірге, пікір алмасу алаңына айналған қоғамдық кеңестерге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мәселен, облыстық қоғамдық кеңестің бір ғана білім саласына жүргізген мониторингі көптеген өзекті мәселенің оң шешімін табуына үлкен ықпалын тигізді.

Осы жылы облыстық қоғамдық кеңес тек білім саласына ғана емес, бірқатар салаларға мониторинг жүргізді. Биыл коронавирус індеті елдің есін шығарып, үлкен қиындықтар туындады. Әсіресе, індеттің салдарынан білім саласында жыл сайынғы жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмей, бірқатар олқылықтар орын алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та білім саласындағы өзекті мәселелерге ұдайы назар аударып, шешу жолдарын ұсынып келеді. Алайда, кейбір мектептердің құрылысының уақытында аяқталмауы, санитарлық-гигиеналық тораптарды ғимарат ішіне орнату мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан да облыстық қоғамдық кеңес мониторинг жүргізіп, кемшіліктерді көзбен көріп, тиісті органдарға ұсыным берген. Облыстық қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссиясының хатшысы, қоғам белсендісі Исламбек Дастанның айтуынша, ағымдағы жылдың 6-24 тамыз аралығында облысымыздағы білім ордаларының 75 пайызына мониторинг жүргізіліп, елді мекендердегі мектептегі интернетке қолжетімділік, оқушылардың оқулықпен қамтылуы, іштегі және даладағы әжетханалар жұмысы бойынша, көптеген кемшілік анықталыпты.

Өз кезегінде, облыстық білім басқармасының аталған мәселе бойынша берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстарын жүргізілуде. Бүгінгі күні 282 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталған. Қалған 1 мектепте санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары  қараша айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.