Қашықтан оқыту қиындық тудырмауы керек

0 95

Ұрпаққа сапалы білім беру – аса жауапты іс. Сол үшін де еліміздегі білім беру саласына артылар жүк ауыр. Әсіресе әлемді әбігерге салған індет салдарынан өткен оқу жылының төртінші тоқсанында елдегі білім беру үдерісі қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, бұл тұрғыда жұмыс екі есе ауырлай түсті. Аталған саладағы қиындықтар мұғалім мен оқушының арасында ақпараттық-коммуникациялық байланыстың ойдағыдай болмауынан туындағаны есте. Бұл қиындықтарды өз өңіріміз де бастан өткергенін айта кетуіміз керек. Кейбір оқушылар үшін компьютер тапшылығы сезіліп, бірқатар елді мекенде интернет желісінің болмауы білім сапасына әсер етпей қоймады.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күн қалды. Қашықтан оқытудың жоспарлы түрде іске асырылуына облыстың білім саласы қаншалықты дайын? Осы сауалға қатысты мәселелер кеше өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен мектеп оқушыларын компьютермен жабдықтау және интернет байланысы туралы кеңесте кеңінен қозғалды.
– Біз бұған дейін осы тақырыпты талқылау мақсатында бірнеше жиын өткізгенбіз. Өкінішке қарай бұл тұрғыда берілген тапсырманың орындалуы көңіл көншітпейді. Әсіресе оқушыларды компьютермен, смартфонмен қамтамасыз ету, елді мекендерге интернет желісін тарту жұмыстары баяу жүруде. Біздің міндетіміз – қашықтан білім алатын оқушыларды, оның ішінде көпбалалы және жағдайы төмен отбасы балаларын қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету. Осыған дейін бірқатар аудан әкімдері тамыз айының соңына қарай тапсырманың орындалатынына уәде берген. Бірақ олар үдеден шыға алмай отыр. Әйтсе де қалған уақытты тиімді пайдалана отырып, аталған мәселелерді шешу бәріміздің міндетіміз, – деді Бердібек Машбекұлы.
Жиында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова оқушылар мен мұғалімдерді компьютер және ғаламтормен қамтамасыз етудің жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, өңірімізде 234 мың 715 оқушының 134 мың 863-і жеке компьютер және ноутбукпен қамтылған. Ал 99 мың 852 оқушыда компьютерлік техника жоқ.
– Қазіргі таңда қашықтан оқитын мектептердегі оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы барлық компьютерлер саны 21 мың 027-ді құрап отыр. Облыста аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін 39 мың 994 бала бар. Компьютерлік техника бірінші кезекте соларға берілетін болады. Оның ішінде қашықтан оқитын 275 мектепте 36 мың 168 оқушы оқиды. Қашықтан оқытуға дайындық жұмыстарының іс-шаралары шеңберінде оқушыларды 26 мың 483 компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінді. 234 мың 715 оқушының 180 мың 950-нің үйі интернетпен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылына дейін 53 мың 765 оқушыны интернетпен қамтамасыз ету қажет. Қашықтан оқитын аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жанұяның балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 22 мың 296 роутер сатып алынғалы жатыр, – деді Гүлнар Махақызы.
Жалпы облыстағы 137 елді мекенде интернет желісі мүлдем жоқ болса, осы ауылдарда 123 білім ошағы орналасыпты. Ал онда 18 937 оқушы білім алмақ. Аталған 123 мектептің 93-інде балаларға дәстүрлі түрде білім беріледі деп жоспарланса, қалған мектептер бойынша балалар қашықтан білім алады. Тоқетерін айтқанда, қашықтан білім алуы тиіс мектептер орналасқан 34 елді мекенге интернет ауадай қажет. Осы мәселелерді назарға алған облыс әкімі кезінде бұл түйткілдердің түйінін тарқатуға «Қазақтелеком», «Транстелеком» акционерлік қоғамдарымен және өзге де ұялы байланыс операторларымен бірлесе шешу жөнінде арнайы тапсырма берілгенімен, оның орындалмай отырғанына қынжылды. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, интернетпен қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың, әкімдердің тікелей міндеті екенін еске салды.
Жалпы Тараз қаласы мен Қордай, Т.Рысқұлов, Жуалы, Шу аудандары бойынша роутер алуға және қашықтан оқыту порталын пайдалануға қаржы қарастырылмаған көрінеді. Сондай-ақ компьютер, интернетпен оқушыларды толық қамтамасыз ете алмау, елді мекендерге интернет тарту ісінің кешігуі секілді мәселелер де бар. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы Тараз қаласының және аталған аудандардың әкімдерінен жауап алды. Елді мекендерді интернетпен қамту ісін ойдағыдай жүзеге асыра алмай отырған «Қазақтелеком», «Транстелеком» акционерлік қоғамы және «Kcell» ұялы байланыс операторының, компьютер жабдықтарын жеткізіп беруші дистрибьюторлық компания өкілдерінің уәжін тыңдады.
Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға оқушыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді және интернет желісін тартуды жеделдетуді тапсырды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы мен аудан әкімдеріне интернеті жоқ ауылдарда орналасқан білім мекемелерінде мүмкіндігінше дәстүрлі түрде сабақ өтуді ұйымдастыру керектігін міндеттеді. Егер ол мектептердің кейбірінде оқушы саны көп болып, сақтық шарасына қарай оқу кабинеттерінің таршылығы байқалса, онда оқушыларды қашықтан смартфон арқылы оқытуды жүзеге асыруды ұсынды. Бұл тұрғыда сабақ кестесіне орай ұялы байланыс операторларымен келісіп, интернет жүктемесін реттеу керектігін, бір сәтте бірнеше оқушы интернетке кіргенде, қиындық туындамау қажеттігін ескертті. Осы мәселелердің орындалуына бақылау жасауды облыс әкімі өзінің орынбасарлары Алмас Мәдиев пен Ержан Жылқыбаевқа тапсырды.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.