Әлеумет

Тараздағы НЗМ оқушылары COVID-19 симптомдарын бақылау жүйесін әзірледі

Тараздағы НЗМ оқушылары COVID-19 симптомдарын бақылау жүйесін әзірледі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, жағдайымен танысты.

Қазір мұнда 713 оқушы білім алуда. Карантинге байланысты оқыту қашықтан жүргізілуде. Олардың сабаққа қатысуын арнайы онлайн бағдарлама арқылы тексеру мүмкіндігі бар екенін мектеп басшылығы жеткізді.

Аймақ басшысына оқуышылардың үздік ғылыми жобалары ұсынылды.

НЗМ оқушылары дәрігерлерге коронавирустық инфекциясы бар науқастың жағдайын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік беретін арнайы құрал ойлап тауыпты. Мобильді қосымша смартфонға импульстік оксиметр арқылы ақпарат жібереді. Дәрігер науқастың жағдайының динамикасын оған немесе палатаға бармай-ақ бақылай алады. Өнертабыстың мүмкіндіктерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев сынап көрді.

Әкім жұмысты жоғары бағалап, оның авторлары – 12-сынып оқушылары Абылай Сыдықов пен Анелия Әбдімалікке бір миллион теңгелік сертификат табыстады.

Ал, Еламан Сұлтан мен Серік Мақсат есімді тәлімгерлер ғарыштық әмбебап орбиталды кешеннің жобасын әзірлеген. Олардың пайымынша бұл қондырғы жер шарын түрлі астероидтар мен кометалардан құтқаруға қауқарлы. Оны ғарышқа жеткізетін зымырандардың да проектісі назарға ұсынылды.

Мектеп базасында сондай-ақ, сүт зауытындағы қалдықтардан, атап айтқанда, сары судан 150 түрлі өнім әзірлеу қолға алыныпты. Мал ұрлығына тосқауыл қоюдың жолы да осында табылған. Мәселен, жылқыға тағылатын арнайы GPS-трекердің көмегімен Қамбар ата төлінің қай жерде жүргенін 45 күн бойы бақылауға мүмкіндік бар.

Облыс әкімі мектептің жатақханасы мен кітапханасын да аралап көрді. Кейін аулада Бердібек Сапарбаев кішігірім ракетаның аспанға көтерілгенін де көрді. Аймақ басшысы зияткерлік мектептегі оң тәжірибе өңірдің өзге білім ошақтарына да тарауы керектігіне мән берді.

Тараз қаласы жақын уақытта мектептен тыс шығармашылық орталығымен толықпақ. Оның құрылысы басталып, іргетасын құю үшін шұңқыр қазылып қойған. Мердігерлермен құрылыс алаңында жолыққан аймақ басшысы қосымша білім нысанының мерзімінде аяқталу керектігін тапсырды.

Орталыққа жақын аумақта «Анаға тағзым» атты монумент пен орталық бой көтермек. Бұл нысан балалары үшін барын салған батыр аналарға құрмет көрсетудің нышаны болмақ. Онда ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз дәріптеліп, жастарға өнегелі өмір сүрген, ерлігімен есте қалған танымал әйелдер, белгілі тұлғалардың аналары туралы кең мағлұмат берілетін болады. Белгіленген орынның жанында аурухана орналасқан. Бердібек Сапарбаев монумент пен маңындағы үш қабатты ғимараттың сырт келбеті айналасындағы нысандармен үйлесімді болуы керектігіне мән берді. Жоспарға сай, құрылыс келер жылдың наурызында аяқталуы керек.

JAMBYLINFO.KZ