Тараздың мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?

0 111

Жаңа оқу жылы басталуға таяу. Бұл салада проблемалар аз емес. Оның үстіне, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жұмыстарды ширату шараларын жалғастыра беру қажеттігін тапсырған. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Тараз қаласындағы бірнеше мектепке барып, ағымдағы жөндеу жұмыстарымен, жаңа мектеп құрылысымен танысты.

Әуелі Ержан Жұматұлы облыс орталығының іргесіндегі Қант зауыты аталып кеткен елді мекен оқушылары оқитын №6 орта мектептегі әжетхана құрылысын көрді. Былтыр оқушы зорланып, елді дүрліктірген оқиға осы мектепте болғаны есімізде. Осы жағдайдан кейін облыстағы барлық мектептердің ішкі санитарлық торабын 100 пайыз реттеп, жалпы білім ошақтарының қауіпсіздігін күшейту қатаң тапсырылған.
Қазір №6 орта мектептің санитарлық торабы ретке келтіріліп, бірінші қабатынан қыз балаларға, екінші қабатынан ұлдарға арналған қосымша әжетхана салынған. Ол үшін қалалық бюджеттен 2,4 миллион теңге қаражат бөлінді.

Жалпы қалада 7 мектептің әжетханасы сыртта орналасқан. Солардың бесеуінің мәселесі ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы шешімін тапса, 1 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының есебінен реттелуде. Әжетханасы сыртта орналасқан тағы 1 мектепте қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Облыстағы 442 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары үшін 1 миллиард 126 миллион теңге бөлінді.
Бүгінде 153 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталды, 132 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылының басталуына дейін бітуі тиіс.

Ал Тараз қалалық №2 орта мектепте қазір жаңа құрылыс жұмыстары қолға алынған. Себебі бұл білім ошағының бұрынғы ескірген ғимараты апатты деп танылып, толығымен сүрілген. Қазір ол орынға 318 орындық жаңа мектеп салынып жатыр.
Тараз қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен құрылысы биыл 10 шілдеде басталған білім ошағы келер жылдың қаңтарында пайдалануға берілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.