ТИГУ-дің жабылғаны рас па?

85
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарын жапқандығы туралы жалған ақпарат таралуда. Оның қатарында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің де аты аталған. Осыған орай оқу орнының өкілдері ресми мәлімдеме жасады.
«Оқу орнының студенттеріне, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге алаңдауға ешқандай негіз жоқ екендігін хабарлаймыз.
Оқу орны жыл сайын материалдық-техникалық базасын дамытып, білім берудің соңғы технологияларын тиімді пайдаланып келеді. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған аудиториялар, жаңа оқу ғимараттары, студенттер жатақханасы және стандартқа сай спорт кешені сөзімізге дәлел» – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі күні ЖОО қабырғасында 5 факультетте 38 бакалавриат, 14 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша 5200-ден аса студент білім алуда. Олардың қатарында 100-ге жуық мемлекеттік грант иегерлері бар. Сонымен қатар, 38 адам ректор грантының иегері, яғни оқу ақысына 100% жеңілдік жасалған. 405 білімгер 20%, 30%, 50% және 80% оқу ақысына берілген жеңілдікпен қамтылған.
«Тарап жатқан ақпараттың жалған екендігін тағы да хабарлап, қайта жаңа мамандықтар ашылып жатқанын жеткіземін. Яғни бірнеше білім беру бағдарламалары қосылуда. Биылғы оқу жылында 10 білім беру бағдарламасы: биология — санитарлық эпидемиолгия, этнопедагогика, этнопсихология, компьютерлік инженерия, әлеуметтік экономика, көркем еңбек және сызу секілді білім беру бағдарламалары қосылды. Тағы үш бағдарламаға лицензия алу жоспарлануда, осы кездері сараптамадан өтуде.
Жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын еске саламыз. Тек ресми хабарламаларға сеніп, жалған ақпараттар таратпауға шақырамыз!» – дейді ТИГУ баспасөз хатшысы Нұржан Туғанбай.