Ұлағатты ұстаздар – құрмет құшағында

0 252

Бүгін «Достық» үйінде «Ұстаз – ұлы есім» атты ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдық білім беру саласының өкілдерін мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Мерекелік шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан аймақ басшысы өз сөзінде елімізде білім беру ісіне ерекше назар бөлініп отырғанын атап өтіп, педагогтардың қоғамдағы рөліне тоқталды.

– Қадірлі ұстаздар, құрметті ардагерлер, өздеріңіз жақсы білесіздер, адамның өмірінде, қоғамда ұстаздың орны ерек. Ұстаз – ұрпақты тәрбиелейді. Басшы болсын, ақын болсын, кемеңгер, ғалым болсын ұстаздың еңбегінің нәтижесінде шығады. Сондықтан біз сіздердің алдарыңызда әруақытта басымызды иеміз.

Әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін білім саласына, сонымен бірге ұстаздарға барлық жағдайды жасайды. Өткен 30 жылдың ішінде егемен елімізде ұстаздарға барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалды. Өйткені Қазақстанның дамуы, болашағы білімді, болашағы зор тәрбиелі азаматтарымызға байланысты.

Былтыр көптен күткен ұстаздардың, педагогтардың мәртебесі жөнінде заң қабылданды, жаңадан мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Соның арқасында қазіргі таңда жалпы осы білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ұстаздардың жағдайын жақсартуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына байланысты соңғы жылдары ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсіп отыр. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында да біз де біраз жұмыстар жасап жатырмыз, – деген аймақ басшысы облыста 21 білім нысанының құрылыс жүріп жатқанын, биыл жылдың аяғына дейін 15-сі пайдалануға берілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Бердібек Машбекұлы биыл білім саласына облысымызға 78 миллиард қаржы бөлінгенін айтып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 миллиардқа артық екнін тілге тиек етті.

– Бұл бағыттағы жұмыстары ары қарай жалғасын табадыз. Ең бастысы өңіріміздегі апатты жағдайдағы, үш ауысымда оқитын мектептер болмауы керек. Олардың материалдық-техникалық базасы да жарақталуы қажет, – деп аймақ басшысы елдің болашағын қалыптастыруда мәртебелі мамандық иелерінің қызметін өлшеусіз екенін атап өтті.

Сонан соң елімізге белгілі ұстаз, Қазақстанның білім саласындағы алғашқы Еңбек ері Аягүл Миразова ұстаздарды бейнебайланыс арқылы құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі.
Мерекелік жиында қызмет бабында үздік деп танылған мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарының 5 педагогына 200 мың теңгенің сертификаттары табысталса, облыстық «Үздік педагог-2020» атағын беру конкурсының 7 жеңімпазы облыс әкімінің Алғыс хатымен және 4 ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және 3 ұстаз Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, облыстық «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздары Тараз қаласы №8 Төле би атындағы гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Жанар Алдатаева, Шу ауданы «Жібек жолы» мектеп-лицейі физика пәнінің мұғалімі Баян Джанкиева, Т.Рысқұлов ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Салтанат Кенжебаева, Сарысу ауданы М.Әуезов атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Патима Алимбекова, Құлан агротехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Рашид Сарсенбиев, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жұмагүл Уртаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі география-биология пәнінің оқытушысы Нуризат Асановаға 833 мың теңге мөлшерінде сыйақының сертификаттары табысталды.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.