Әлеумет

Ғылымды коммерцияландыруға не кедергі?

Ғылымды коммерцияландыруға не кедергі?

Облыс әкімдігі білім басқармасының ұжымы ақпараттық топ мүшесі, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Махметғали Сарыбековпен кездесті. Кездесу барысында Махметғали Нұрғалиұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туған міндеттер жайында сөз қозғады.

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім-ғылым саласын дамыту мәселелеріне тұтас тарау арналды. Стратегиялық құжатта ең әуелі 2025 жылға дейін 3-6 жастағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен толық қамту қажеттілігі айтылған. Меніңше мұнда бір кездегі «Балапан» секілді мемлекеттік бағдарламаның баламалы нұсқасы жасалуы қажет. Дәл осы бағдарлама арқылы кезінде мектепке дейінгі мекемелермен қамту ісінде жекеменшік механизм оңтайлы кәдеге жарағаны есте. Президент пәрменімен білім берудің орта буынындағы ең басты жаңалық – ұстаздардың жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 25 пайызға көтеру. Бұл мақсатқа 1 триллион 300 миллиард теңге бөлінді. Одан соң қарапайым мектептер мен инновациялық мектептер арасындағы айырмашылықты жою мәселесінің де өзектілігін ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі таңда салалық министрлікпен «Қарапайым мектептерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалып жатыр. Заман ағымына сай жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да өзгерді. Ендігі кезекте олар арнайы мамандық бойынша кәсіби білім беріп ғана қоймай студенттерді үлкен өмірге дайындау қажет, – деді М.Сарыбеков. Өз сөзінде ақпараттық топ мүшесі «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін білім берудің барлық буынында оқыту, ғылым мен бизнестің арасында тығыз әріптестік байланыс орнату мәселелерін де көтерді. – Тараз өңірлік университеті республикадағы ең ірі патент иеленуші саналады. Мұнда 781 патент иеленуші бар. Алайда бұл ғылыми жаңалықтың екеуі ғана өндіріске енгізілген. Сондықтан да ғылымды коммерцияландыру мәселесі әлі де басы ашық күйде қалып отыр. Меніңше мұнда облыс әкімдігі кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының жанынан ғылымды коммерцияландыру бөлімін ашып, ғылым мен бизнестің арасында тығыз қарым-қатынасты орнатуға күш салған жөн секілді, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Кездесу соңында жиналғандар ақпараттық топ мүшесіне білім саласында Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру жайына байланысты сұрақтарын қойды.

 

Ш.Атыханұлы