Үздік студенттер марапатталды

0 147

Мемлекет басшысының жастар жылы аясында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында жастардың қоғамдағы әлеуметтік рөлін арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасы іске асырылуда. Облыстық білім басқармасының мәжіліс залында «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бейнебайланыс арқылы байланысқа шығып, ұйымдастырылған байқаудың маңыздылығына тоқталды және байқауда топ жарған барлық өңір жеңімпаздарын құттықтап, табыс тіледі.  Сонымен бірге, әр өңірдің жеңімпаздары қатарластарын жеңістерімен құттықтап, ұстаздарына алғыстарын жеткізді.

Ағымдағы жылы «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өткізілді. Сайысқа қатысуға ниет білдірушілердің да қатары артып отыр.

Бірнеше айға созылған білім додасының республикалық кезеңіне облыстық деңгейде топ жарған жамбылдық 14 студент жолдама алды. Соның 3-еуі жеңімпаз атанып, «ҚР колледждерінің ТОП 100 студентінің» қатарына енді.

Облыстан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Сұлтанәлі Жамалбеков, Тараз сервис және технология колледжінің студенті Талшын Жаханова және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Майра Базылбаева үздік атанып, жеңімпаздар қатарын толықтырды.

Бұлар — үлгерімі жақсы студенттер, студенттік өзін-өзі басқару және еріктілер қозғалысының көшбасшылары, «World Skills» халықаралық чемпионаттарының, түрлі олимпиадалардың, спорттық жарыстардың, инновациялық идеялар конкурстарының және стартап-жобалардың қатысушылары мен жеңімпаздары.

Жеңімпаздарға оқуын аяқтаған соң бірінші жұмыс орындарына жолдама берілді және жұмыс берушілер есебінен 100 000 теңге сыйақы табыс етілді.

Айта кету керек, өткен жылы аталған байқауда облыс колледждерінің 3 студенті үздік атанып, «ҚР колледждерінің ТОП 100 студентінің» қатарына енген болатын.

Үздіктер келесі кезеңге өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.