Үздік тәлімгерлер анықталды

51

Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен аралығында «Үздік тәлімгер-2020» облыстық байқауы өтті.

Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін мәртебелі мамандық иелерінің шығармашылығын шыңдап, ізденіс деңгейін арттыру мақсатында өткен сынға облыстағы әр колледжден өндірістегі тәлімгер және дуалдық жүйе бойынша оқытылып жатқан бір студент, барлығы 14 үміткер қатысып, бақтарын сынады.

Қатысушылар алдымен «Таныстыру» кезеңінде қабілет-қарымына қарай өздерін қара сөзбен және өлең жолдарымен таныстырды. Ал «Кәсіби тәжірибе алаңы және инновация» кезеңінде видеоэкскурсия жүргізсе, үшінші кезеңде тәлімгердің бір күндік жұмысы туралы бейнеролик ұсынды. Соңғы айналымда «Нәтежиеге бағытталған тәлімгерлік жұмыс» тақырыбында фотоколлаж дайындап, тәлімгерлік қызметтегі  жеткен жетістіктерін баяндады.

Жалпы, барлық тәлімгердің бұл байқауға үлкен дайындықпен келгендігі байқалды. Сондықтан болар қазылар алқасына жеңмпаздарды анықтау оңай болмады. Тәлімгердің тәжірибесі мен білімі таразыға салынған байқауда І орынды «Шафран» мейрамхана-кешенінің бас аспазы Александр Панфилов пен Тараз сервис және технология колледжінің студенті Горохов Тимур жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Т.Рысқұлов аудандық Ветеринарлық бекет меңгерушісі Мурат Абдикулов пен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Наргиза Мырзахан, Тараз қаласындағы №15 бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Фарида Исабекова мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Аида Бақыт иеленді. ІІІ орынды ЖК «Сейдахметова» басшысы Гүлнар Сейдахметова мен Қордай ауылшаруашылық колледжінің студенті Нұрасыл Жұмаділ, «Абдекеев Ы» Жеке кәсіпкер Дихан Ізбасаров пен №9 Меркі колледжінің студенті Дархан Әскербай, «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Каратау» заводының инженері  Мұқағали Түсіппов пен Жаңатас копсалалы колледжінің студенті Арайлым Оңғарова жеңіп алды.

Сонымен қатар, өзге де  қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталады. Осылайша жыл сайын өтіп, дәстүрге айналған «Үздік Тәлімгер» биыл да облыстағы өз үздіктерін анықтап отыр.

 

Кәмшат ҚАДЫР