Жамбылда тендер жұмыстарынан 676 млн. теңге бюджет қаражаты үнемделді

0
Тендерге түсудегі заңдылықтар тексерілді. Жамбылда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатындағы мониторингтан кейін мемлекеттік органдарда 676 млн. теңге үнемделді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтты.
Бюджеттің бұл қыруар қаржысы мониторингтен кейін енгізілген ұсыныстар бойынша қайта қаралудан кейін үнемделіп отыр. Жалпы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі шектен тыс пысықайлық пен пайдакүнемдік «оңай олжа» мен жемқорлыққа жол беруі мүмкін. Мәселен, облыстық Полиция департаменті бюджеттік жоспарлау барысында флеш-картаны 1 данасы 235 714 теңге деп көрсеткен. Жалпы соммасы 9,4 млн. теңге. Тексеруден кейін ұсыныс енгізіліп, қаржысы қайта қаралады. Нәтижесінде бір данасы 2 357 теңге жалпы соммасы 94 285 теңгеге түсірілген. Ондағы үнемделгені 9,3 млн. теңге.
Ал Шу ауданы әкімі аппараты 1 дана компьютер бағасын 600 000 теңге деп жоспарлап, жалпы құнын 12 млн. теңге деп белгілеген. Алайда мамандар мониторингпен тексеріп, нарықтық баға негізінде қайта қаралған құны 300 000 теңгеге түсірілді. Жалпы үнемделгені 3 млн. теңге.
Департамент облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысына, жемқорлыққа жол беру, бермеуіне қатысты талдау жүргізген. Нәтижесінде, бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.
«Департамент еңбек демалысында болған бірнеше қызметкеріне «эпидемияға қарсы шараларға тартылған» деп үстемақылар толығымен төлеп келген. Қазір заңсыз төленген 1 250 000 теңге үстемақы кері қайтарылуда. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінде тіркелген 2 автокөліктің жанар-жағармай шығындарына 1 150 000 теңге «жаратып», оны растай алмаған. Бұл бойынша материал экономикалық тергеу департаментіне жолданды», — деді Р. Төлебаев.
Айта кетейік, аймақ бойынша ағымдағы жылы да ашықтық пен қолжетімді қызмет жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта фронт офистер ашылуда. Бұдан бөлек. 110 мемлекеттік орган басшыларының кеңселері «Оупен спейс» форматына ауысқан.
Leave A Reply

Your email address will not be published.