Жамбылдық оқушылар республикалық өнер байқауында жеңімпаз атанды

0 79

Жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында шығармашыл оқушылар арасындағы VII республикалық «Ақберен» өнер байқауы онлайн форматта өтті.

8-11 сыныптың шығармашыл оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілетті, өлең жазу, тапқырлық қырын, дарынын таныту, олардың шығармашылық қабілеттеріне қолдау көрсетіп, дамытуына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған байқауда қатысушылар «Көркем сөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Шығарма жазу» және «Ұлттық аспапта ойнау»  сияқты 6 аталым бойынша өнер көрсетті.

Республикалық байқауға 102 оқушы қатысса, оның ішінде 6-ауы Жамбыл облысының оқушылары.

«Ақберен» өнер байқауының 1-ші, 2-ші, 4-ші және 6-шы номинациялары алдын ала бейне таспаға түсірілген жұмысты YouTube-қа жүктеп, сілтемесін ұйымдастыру комитетіне жолдады, 5-ші номинация Zoom платформасы арқылы өтті, ал 3-ші номинация Exam.net және Zoom платформасы арқылы жүзеге асты.

Байқау шарты бойынша шешендік, білгірлік сайысы номинациясы бойынша 10 тақырып ұсынылды. Оқушының шешендік сөздердің тарихын, би-шешендердің мұрасын білуі бағаланды. Аталған номинация бойынша сынға түскен Қордай ауданы №26 Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Берік Абдуразаков Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қарасөздері және Абай туралы көрнекті қаламгерлер шығармалары тақырыптарында айтып шығып,  ІІ орынды иеленді.

Көркемсөз оқу номинациясы бойынша белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын оқу талап етілді және Ұлы Абайдың өлеңдері мен қарасөздері және Абай туралы көрнекті қаламгерлер шығармаларын қамту ескерілді. Аталған номинация бойынша сынға түскен Тараз қаласы Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің 11-сынып оқушысы Темірлан Усенов Шерхан Мұртазаның «Қызыл-Жебе» эпопеясының І томынан үзінді айтып берді.

Эссе жазу номинациясы бойынша тақырыптың ашылу тереңдігі, мазмұны, сауаттылығы, әдеби мәліметтерді орнымен пайдалануы бағаланды. Шу ауданы М.Ғабдуллин атындағы орта метептің 11-сынып оқушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Бес асыл іс, көнсеңіз…» тақырыбында жазды.

Ұлттық аспапта ойнау номинациясы бойынша Жамбыл ауданы №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Рахманберді Нұрзат Сейтек «Жантаза» күйін орындады. Аталған номинация бойынша Нұрзат Рахманберді ІІ орынды иеленді.

Ақындар айтысы номинациясы бойынша суырыпсалмалық өнері, ой толғауы, жауап қайтаруы, тапқырлығы бағаланды. Бұл бөлімде Т.Рысқұлов ауданы, Жамбыл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Саламат Осалы айтысқа түсіп, ІІІ орынды қанжығаға байлады.

Ақындар мүшәйрасы номинациясы бойынша өлеңнің көркемдігі, тілі, мазмұны, поэтикалық ерекшелігі, қатысушының ақындық қабілеті мен талабы бағаланды. Т.Рысқұлов ауданы, Ш.Уәлиханов орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жәнібек Әмре  І орынды иеленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.