Жамбылдықтар ENACTUS KAZAKHSTAN сайысында жоғары нәтиже көрсетті

0 63

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Еnactus Dulaty»  командасы Республикалық ENACTUS KAZAKHSTAN Online National Expo 2020 сайысының қорытындысы бойынша жүлделі II орынға ие болды.

Қашықтан онлайн форматта өткен жарысқа еліміздің 27 жоғары оқу орны қатысты. Он команда жартылай финалда мүмкіндіктерін сынап, өзара мықтыларды анықтады. Нәтижесінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жеңіске жетті. М. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ III орынды иеленді.

Дәл осы жарыстан мектеп оқушылары арасынан Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі I орынды жеңіп алды. Бір өңірдің қатысушысы ретінде университетіміздің командасы оларға өз көмектерін беріп, білгендерімен бөлісті. Жеңімпаз жастарға ағалық ақылын, керек кеңестерін беріп отырған.

 Алдымен Enactus қандай ұйым деген сұраққа  жауап берсек. Enactus белсенді студенттерді, іскер көшбасшыларды біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты – адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, жастардың тың идеяларын қолдау, кәсіпкерлікке үйрету. Enactus – ағылшын тілінен аударғанда «біздің кәсіпкерлік қозғалыс» деген мағына береді.

Естеріңізде болса Дулати университетінің командасы былтырғы республикалық жарыстан жеңімпаз атанып, АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында өткен Әлем Кубогінің қатысушысы атанған. Бұл жолы университетіміздің командасы екі жоба бойынша сынға түсті. Бірінші жоба «Soil» деп аталады. Жерді құнарландырып, егіннің бітік шығуына бағытталған жоба. Жоба авторлары жыл сайын бір өнімді екпей, бір маусым бұршақ егуді ұсынады. Сонда, келесі жылы өнім бітік шығады екен. Жастардың ауылшаруашылығын дамытуда бұдан басқа да тың идеялары бар. Енді олар өз білгендерін, зерттеп түйгендерін сала мамандарымен бөліспекші. Осы мақсатта агробизнес орталығын құрып, ауылшаруашылығы мамандарына керек кеңестер беруді көздеп отыр.  – Ауылшаруашылығы саласына жастардың ойы жетіспейді. Қазір жерді құнарландыру үшін көптеген жаңа әдістер бар. Жастарға мүмкіндік берсек, кәсіпкерлер қолдаса олар үмітті ақтап, жаңаша бағыттың әлдеқайда тиімді екенін дәлелдер еді,- дейді «Еnactus Dulaty»  командасының жетекшісі Әмина Насибуллина.

Команданың екінші жобасы қолөнер бұйымдарын жасау және оны сатып, табыс табуға бағытталған. Студенттеріміз Құмшағал, Көлтаған ауылдарына барып, үй шаруашылығындағы әйелдермен шеберлік сағатын өткізіп, түрлі бұйым тігуді үйреткен. Әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып, бұйымдарды жарнамалады. Қой жүнінен шала туған сәбилерге арналған киім тігуді үйреткен. Бұл таза экологиялық өнім шала туған шақалаққа өте пайдалы екен. Себебі, мерзімінен бұрын туған баланың бойында жылу ұстау қабілеті төмен, тыныс алуында кемшіліктер болады. Қой жүнінен тоқылған киім баланың терідегі рецепторларына әсер беріп, баланың оянып, дұрыс демалуына әсер етеді. Команда құрамындағы қыздар осы бағытта ойларын ортаға салып, жас аналарды қуантып қана қоймай, қой жүніне деген сұранысты арттыруды да көздейді. –  Бұрындары қой жүнін өндейтін зауыт, фабрикалар бүгінгі күні тынысын тоқтатқалы қашан. Ауыл адамдары қойдың жүнін қажетсіз деп өртеп жатыр. Ал оны пайдаға асырсақ табыс та тауып, игілігін де көрер едік,- деген Әмина Уәлиқызы жыл сайын қаншама табиғи өнімнің ысырап болып жатқанын, ал көзін тапса пайда әкелетінін айтады.

Университетіміздің «Еnactus Dulaty»  командасының  құрамында жиырма белсенді студент бар. Команда капитаны Аңсар Қуанчалиев. Айта кетейік, биыл команда 1-курс студенттермен толықты. Жұдырықтай жұмылған команда мүшелерінің әрқайсының өз міндеті бар. Мәселен, Анжела Хисаматдинова пиар-менеджер, Даниор Шарахман – видео-мантаж дизайнері, Әсемжан Жүзбаева – маркетолог.

Озық ойлы, жаңашыл жастар IT саласында да жаңа жобаларды жарыққа шығаруды көздейді. – Біздің командамыз білімділер мен белсенділердің, жетістікке жеткісі келетін жастардың ортасы. Озық ойлайтын, мақсаты айқын, арманы асқақ, ең бастысы жауапкершілігі зор кел-келген студент командамыздың мүшесі бола алады,- дейді команда капитаны Аңсар Куанчалиев.

Айта кетсек, университетіміздің түлектері, бұрынғы команда мүшелері бүгінгі күні табысқа жеткен жеке кәсіп иелері. Шахзот Кадирходжаев, Кәрімжан Сүлейменов, Қосан Бейсенов сынды түлектеріміз өз істерін алға дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер. Олар топ мүшелеріне бизнес-эдвайзер ретінде өз көмектерін ұсынып келеді. Яғни, кеңес беріп, қаржылай қолдап, көмек қолын созады.

 Білім, идея, еңбек – жетістікке жетелейтін негізгі күш. «Жатқанға жан жуымас» демекші жалқаудың күні қараң. «Еnactus Dulaty» командасы үздіксіз ізденетін, ерінбей еңбектенетін жастардың ортасы. Осы сияқты жастар баршаға үлгі болуға лайық.

Гүлбақыт Берікқызы,

Дулати университеті Медиа-қызмет тілшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.