Жас ұрпақтың игілігіне тәуелсіздіктің тартуы

51

Мереке білім беру саласының да игілігін еселеді. Ел мерейі үстем болған бұл күні Байзақ батыр көшесі №162 мекенжайынан заман талабына сай «ARAI-ELIT» жекеменшік мектебі салтанатты түрде ашылды. 1 025 оқушыға қазақ және орыс тілінде екі ауысыммен сапалы білім, саналы тәрбие беруге қауқарлы білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

— Тәуелсіздіктің арқасында өз байлығымызды өзімізге жаратып, өз саясатымызды белгілеп, болашаққа жоспар құрып отырмыз. Елбасы тәуелсіздік алған күннен бастап жастарды білімге, өнерге,спортқа тәрбиелеу қажеттігін айтып келеді. Өйткені әрбір жетістік біліммен тығыз байланысты. Қай мемлекет білімді, өнерлі, тәрбиелі болса сол мемлекет тезірек дамиды. Біздің мақсатымыз – балаларға қазіргі заман талабына сай білім беру. Біздің балаларымыз Американың, Еуропаның, Азияның балаларынан еш кем болмауы керек. Биліктің міндеті халықаралық стандарттарға сай мектептерді көбірек салу. Биылдың өзінде 21 білім нысанының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оның 8-ін биыл аяқтаймыз. Әлі де болса көптеген мектептер салуымыз қажет. Соңғы кезде Елбасының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дамып келе жатыр. Осы бағытта өңірде алғашқылардың бірі болып мектеп салған «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаевқа барлық тұрғындардың атынан үлкен алғыс айтамын. Әрдайым осылай кәсіпкерлікпен қатар әлеуметтік саланы да қатар ұстауымыз қажет. Мен ел аумағындағы көптеген мектептерді білемін. Мен көрген мектептердің ішінде дәл осындай мектеп жоқ. Мектептің қандай екені сыртынан, ауласынан-ақ білінеді. Үлкен мереке күні осы мектептің ашылып жатқаны қала тұрғындары, ата-аналар үшін үлкен қуаныш. осы мектептен мемлекетіміздің дамуына, ұлтымыздың абыройының асуына үлкен үлес қосатын азаматтар шығады деп сенеміз, — деді Бердібек Машбекұлы.

Қазіргі таңда жаңа мектепте 367 оқушы бар, кезекшілік сыныптағы оқушылар сыныбы – 105. 2 спорт зал, 2 спорт алаңшасымен, 500 орындық асханамен, акт залы және 41 оқу кабинеттерімен, бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Салтанатты шара соңында мектептің директоры Жанна Мадимароваға жаңа білім ошағының символикалық кілті табыс етілді.

 

Нұржан Қадірәлі