Білім

Қазақстандық оқушылар Халықаралық химия олимпиадасында төрт жүлде жеңіп алды

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

5–14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO-2025) Қазақстан құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Әлемнің 93 елінен келген 360-тан астам үздік оқушы бақ сынаған бұл білім бәйгесінде отандастарымыз екі алтын, екі қола медаль жеңіп алды.

Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:

Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;

Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. 

«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», - деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.