Еліміздегі балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 91,5%-ға жетті
Бұл үшін бірінші жартыжылдықта 27 мыңға жуық жаңа мектепке дейінгі орындар ашылған
Еліміздегі балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 91,5%-ға жетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қалалар мен ауылдық жерлер арасындағы білім беру мүмкіндіктеріндегі алшақтықты азайту үшін жаңа оқушы орындары енгізілуде, жыл сайын 1 мың ауыл мектебі жаңғыртылады және роботты техника, химия, биология, физика және STEM-зертханалар бойынша заманауи пәндік кабинеттер сатып алынады.
Сондай-ақ мамандандырылған білім беру мекемелерінің желісін кеңейту шаралары жалғасуда. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі 88%-ға дейін артты, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті. Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету үшін қосымша критерийлер әзірленді.
Колледж студенттерінің тұрғын үй жағдайы жақсаруда. Еліміздің өңірлерінде 2,6 мың төсек-орынға арналған 11 жаңа жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр, бұл студенттердің 85%-дан астамын үй-жаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.