Білім

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 230 мыңнан астам балаға кешенді қолдау көрсетіледі

Бұл туралы Үкімет мәлім етті

Мемлекет басшысының елдегі білімге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуы туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

2025-2026 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Бүгінгі таңда олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Арнайы білім беру ұйымдарының саны 539-ды ұүрайды, олардың ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, түзету кабинеттері мен оңалту орталықтары және тағы басқалар бар. Педагог-ассистенттер лауазымдарын енгізудің нәтижесінде үйде оқитын бала саны 11%-ға төмендеді, яғни 2 мыңға жуық бала мектепке келуге мүмкіндік алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді, оның аясында үйде оқитын балалардың үлесін азайту көзделген.