Кәсіптік-техникалық білім беру – келешек кепілі

14

Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін атап өткен болатын.

Қазіргі таңда елімізде  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсыруымен кәсіптік және техникалық білім берудің жүйесі жаңғыртылып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Білім беру жүйесіне енгізілген түбегейлі өзгерістер білім берудің  мазмұнын жаңартып, жаңа көзқарас туғызады. Қазіргі  ғылыми – техникалық үрдістің үздіксіз, қарқынды дамуына байланысты білім беру жүйесінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған орай, ең бірінші, әлемдегі алдыңғы қатарлы өркениетті, бәсекеге қабілетті елдермен терезе теңестірудегі тұлға – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру. Кәсіби мамандарды дайындауда Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды.Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болмасын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде. «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман»,- деп Елбасымыз атап көрсеткендей бүгінгі күні егеменді еліміздің дамыған отыз елдің қатарынан көріну үшін жастарымыз білімді және бәсекеге қабілетті болуы керек.

Жалпы облыста 46 колледжде 23 700 студент 93 мамандық 138 біліктілік бойынша білім алуда. 2020-2021 оқу жылында жалпы контингенттің ішінде 12795 мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде орта білім алу үстінде.  Облыстық білім басқармасы басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, 2020-2021 оқу жылына 61 мамандыққа 3703 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініпті. Оның 1635-і жұмысшы, 2068-і орта буын екен. Сондай-ақ «Жас маман» жобасына 11 колледж енген. Негізінен биыл аталған жобаға өңірден 5 колледж қатысса, 2021 жылы 6 колледж  жобаға қатысады деп күтілуде.