«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушы орны ашылды
Бұл соңғы үш жылдағы көрсеткіш
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023-2025 жылдары елімізде балалардың сапалы және тегін білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның негізгі мақсаты - әрбір баланы тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз ету.
Үш жылдың ішінде елімізде халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа форматтағы мектептерде 460 мың оқушы орны құрылды. Жоба аясында 217 мектеп салынып, 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды.
Барлық мектеп орналасқан жеріне қарамастан шалғай елді мекендерде, қалалық жерлерде де бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мәселен, мектептердің 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл қалалық және ауылдық мектептер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты едәуір азайтты.
Қазіргі таңда 183 мектепте оқу процесі ұйымдастырылып, онда 218 мыңға жуық оқушы білім алуда, 17 мыңға жуық педагог еңбек етуде.
Бүгінде Келешек мектептерін басқарудың бірыңғай, орталықтандырылған моделі енгізілді және 900-ден астам басшыдан тұратын басқару корпусы қалыптастырылды. Академия құралымында ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығы жұмыс істейді, ол оқу-тәрбие процесін әдіснамалық және мазмұндық тұрғыдан сүйемелдеуді, цифрландыруды үйлестіруді, кадрлық іріктеу мен педагогтердің кәсіби дамуын, сондай-ақ білім сапасын мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.
Айта кетейік, жоба операторы еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды оқыту семинарларын ұйымдастырды. Оған 1600-ге жуық педагог қатысып, «Келешек мектептерінің» басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсетуді бастады.