“Келшиш”, “Чалбар”, “Ана ше”: қазақ тілінде диалект бар ма?

22

Оңтүстіктегілер сөз бен сөйлем соңына «ше» қосып сөйлеуге бейім. Оңтүстік-шығыста тұратындар «ш-ны» «ч-мен» ауыстырып жібереді. Батыс өңір тұрғындары «-шиш» деп барып бір тоқтайды. Неге бұлай сөйлейміз? Диалект пе? Жалпы, қазақ тілінде диалект бар ма? Бұл сауалдарды филология ғылымдарының кандидаты Алмас Үдербаевқа қойдық.

Қазақ тілінде диалект бар ма?

Бұл сұрақ сонау алғаш диалектологиялық зерттеулер жүргізіліп, қазақ диалектологиясы қалыптасқан 1930-жылдардан бері  қойылып келеді. “Қазақ тілінде диалект бар ма?” деген мәселе тілші ғалымдар арасында даулы болып, осы мақсатта диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеулер жүргізілген. Сөйтіп, қазақ тіл білімінде диалектология саласы қалыптасты.

Алғашқы диалектолог ғалымдар Сәрсен Аманжолов, Нығмет Сауранбаев, Ғайнетдин Мұсабаев, Жұмат Досқараевтардың еңбегінде қазақ жерінің әр өңіріндегі тілдік ерекшеліктер оңтүстік, шығыс, батыс, орталық-солтүстік диалектілері не говорлар (сөйленістер) тобы деп екі жақты қарыстырылды. Одан кейінгі Ш.Сарыбаев, Ғ.Қалиев, С.Омарбеков, Ж.Болатов, Ә.Нұрмағамбетов, О.Нақысбеков және тағы басқа диалектолог ғалымдар Қазақстанның әр аумағын аралады. Әр өңірге экспедиция ұйымдастырып, тілдік материалдар жинады. Қазақ тілінің сөйленістері, диалектілері жөнінде, оның құрамындағы ерекшеліктермен таныстыру мақсатымен едәуір зерттеулер жарық көрді.

Бұл зерттеулердің нәтижесінде қазақтың әр өңірінің тілдік ерекшелігі диалектінің көрінісі емес, сөйленістік (говорлық) сипатта деп қарастырыла бастады.

Яғни, тілімізде жергілікті ерекшеліктердің бары рас, бірақ ол өзге тілдердегідей бір-бірін түсіне алмайтындай диалект дәрежесінде емес.

Өңір тілінің ерекшелігіне не әсер етеді?

Тілдегі диалектінің (диалект ерекшеліктерінің) пайда болуы халықтың не ұлттың рулық, тайпалық құрамына, аумақтық орналасу жағдайына, тарихына, шұғылданатын кәсібіне, шаруашылығына, салт-дәстүріне, көршілес жатқан халық тілінің қалай әсер еткеніне, тағы басқа көптеген факторға байланысты туындайды.

Тіліміз бір болғанымен, осы факторлардың бірінің көбірек, бірінің азырақ ықпал етуіне байланысты әр өңірде түрлі жергілікті ерекшелік қалыптасады. Мәселен, көршілес, іргелес отырған халықтың (өзбек, қырғыз, қарақалпақ, алтай, моңғол, қытай, түрікмен, башқұрт және тағы басқа) тілінен енген сөздер қолданылады. Оған қоса, мысалы, бір өңірдің тұрғындары балық шаруашылығымен шұғылданса, екінші өңірде егін шаруашылығы дамыған болып келеді, сәйкесінше әр өңір тілінде қандай сөздер жиі қолданылатынын түсінуге болады.

“Баршиш”, “чалбар”, “ана ше”…

Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі диалект ерекшеліктерінің, диалектизмдердің пайда болуының негізгі себебі көне заманнан қалған тілдік белгілер, жергілікті тіл дамуынан туған құбылыстар және басқа тілдердің (көбінесе көрші түркі тілдерінің) әсерінен пайда болған ерекшеліктер деп түсіндіріледі.

Оңтүстік қазағының тілінде “ше” (“ана ше”, “бар ғой ше”) қосып сөйлеуді көрші тілдердің әсерінен деп жорамалдаймын.

Батыстағы қазақтардың тілінде етістік сөздің соңына “шиш” (“баршиш”, “келшиш”) деген сөз қолданыс жылдам, тез сөйлеудегі “бар-сайшы, бар-саңшы, кел-сейші, кел-сеңші” деген тұлғаны қысқартып, ықшамдаудан қалыптасқан ерекшелік деп түсіндіреміз.

Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы ч дыбысының (аффрикат) жиі қолданылу себебін бірдей деп қарастыруға болмайды. Оңтүстіктегі ч-ның қолданылу себебі негізінен іргелес отырған туыстас өзбек, қырғыз сияқты тілдердің әсерінен. Ал шығыстағы ч-ны сол өңірлерді мекендеген көне тайпалық, рулық тілден қалған реликт деп түсіндіруге болады.

Алмас Үдербаевтың нұсқауымен Оқас Нақысбековтің “Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы” кітабының электрон нұсқасын қарадық. Онда оңтүстік говорлар тобының тілдік ерекшеліктері туралы жазылған. Соның ішінде оңтүстіктегілердің “анайақ”, мынайақ” деп сөйлеуінің жауабын таптық. 

Оңтүстіктегілердің “сол жақ”, “қай жер” деген сияқты сөздердегі “ж” әрпін “й-ға” айналдырып сөйлейтіні де байқалады. Нәтижесінде “сойақ”, “қайер” болып шығады. Бұлай сөйлеу көрші ұйғыр, өзбек тілдерінің әсерінен екен. Салыстыру үшін әдеби тілдегі “бұл жер” және “қай жаққа” тіркестерін алайық. Оңтүстік говорлар тобы былай сөйлейді: “бүйер”, “қайаққа”. Өзбекшеде “буйер”, “қаеққа”, ұйғыр тілінде “буйәр”, “қайаққа” деп айтылады. Көрші екі тілдің әсері себеп екеніне күмән жоқ. 

baribar.kz