Білім

Мұғалімдердің білімін бағалау сынағы тоқтатылады: Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеме жасады

Бұл шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қабылданған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда ұстаздардың пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Министрдің айтуынша, бұл жаңалық ұстаздар қауымына оң өзгеріс әкелмек.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, «модератор», «сарапшы», «зерттеуші», «шебер» санаттарында еңбек етіп жүрген педагогтерге және осы санаттарға өтініш беретін басшыларға арналған бағалау рәсімі енді өткізілмейді.

Ал төлем жасаған азаматтар қаражатын қайтару үшін арнайы электрондық пошта арқылы өтініш жолдай алады. Дегенмен жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, сондай-ақ педагогикалық қызметін қайта бастауға ниетті тұлғалар үшін «педагог» санаты бойынша тестілеу бұрынғы тәртіппен жалғасады. Бұл санаттағы емтихандар ай сайын ұйымдастырылып отырады.

Айта кету керек, педагогтердің білімін бағалау – олардың кәсіби деңгейін анықтауға бағытталған рәсім болатын. Алайда соңғы жылдары бұл жүйе мұғалімдер тарапынан жиі сынға ұшырап, қоғамда түрлі пікірталас тудырған еді.