Мектеп әжетханалары ретке келтірілуде

14

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Жолдауында қоғамдық кеңестердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға баса назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Себебі, құрылғалы бері бес жыл ішінде билік пен халық арасындағы алтын көпірге, пікір алмасу алаңына айналған қоғамдық кеңестерге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мәселен, облыстық қоғамдық кеңестің бір ғана білім саласына жүргізген мониторингі көптеген өзекті мәселенің оң шешімін табуына үлкен ықпалын тигізді.

Осы жылы облыстық қоғамдық кеңес тек білім саласына ғана емес, бірқатар салаларға мониторинг жүргізді. Биыл коронавирус індеті елдің есін шығарып, үлкен қиындықтар туындады. Әсіресе, індеттің салдарынан білім саласында жыл сайынғы жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмей, бірқатар олқылықтар орын алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та білім саласындағы өзекті мәселелерге ұдайы назар аударып, шешу жолдарын ұсынып келеді. Алайда, кейбір мектептердің құрылысының уақытында аяқталмауы, санитарлық-гигиеналық тораптарды ғимарат ішіне орнату мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан да облыстық қоғамдық кеңес мониторинг жүргізіп, кемшіліктерді көзбен көріп, тиісті органдарға ұсыным берген. Облыстық қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссиясының хатшысы, қоғам белсендісі Исламбек Дастанның айтуынша, ағымдағы жылдың 6-24 тамыз аралығында облысымыздағы білім ордаларының 75 пайызына мониторинг жүргізіліп, елді мекендердегі мектептегі интернетке қолжетімділік, оқушылардың оқулықпен қамтылуы, іштегі және даладағы әжетханалар жұмысы бойынша, көптеген кемшілік анықталыпты.

– Өкінішке қарай, зерделеу кезінде Тараз қаласындағы №6 орта мектептегі өткен жылы орын алған жағдайдың сабақ болмағаны байқалды. Себебі, мектептің әжетханаларын ғимарат ішіне көшіру жұмыстары көңіл көншітпейді. Кейбір мектеп ішіндегі әжетханалар жұмыс істеп тұрса да сырттағы әжетханалар жабылмаған. Анықталған кемшіліктерге қысқаша тоқталсам, Талас ауданы, Көктал ауылындағы М.Жұмабаев атындағы мектептің ішкі жөндеу жұмыстарына мектеп мұғалімдері тартылып, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы өрескел бұзылған. Сонымен қатар, көмір сақтайтын орынның тар болуына байланысты көмірдің көп бөлігі далада ашық-шашық қалдырылған.

         Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияның, А.Құнанбайұлы атындағы орта мектептің, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің, Абылайхан атындағы мектеп-лицейінің, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның әжетханалары қазіргі уақыт талабына сай емес. Ал, Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте балаларға арналған әжетханалар оқушы санына байланысты қарастырылмаған. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданына жүргізілген қоғамдық бақылау кезінде Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепке табиғи газ кіргізілмеген. Ал мектеп маңынан газ құбырлары өтіп жатыр. Д.Қонаев ауылындағы №5 шағын орталықты орта мектептің ұжымы ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізіндегі талаптарын орындамағаны анықталды. Сондай-ақ, Байзақ ауданындағы мектептерге 18-19 тамыз аралығында қоғамдық бақылау жүргізілді. Ақшолақ ауылындағы жаңа мектеп қабырғаларының сылағы түсуде, еденіне линолеум дұрыс төселмеген. Сондай-ақ, осы мектеп пен Жібек Жолы ауылындағы №5, Жаңатұрмыс орта мектебінің, Мырзатай, Сеңкібай, Мәдімар, Қарасу және Жақаш ауылдарындағы мектептердің әжетханалары да талапқа сай емес. Ал Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы Нұрлыкент орта мектебінің, Бәйтерек ауылы Т.Тастандиев атындағы №11 мектебінің, Ақтөбе ауылы Ақтөбе мектебінің, Көктөбе ауылы Көктөбе мектебінің, Талапты ауылы Б.Момышұлы мектебінің әжетханасында бірінде есіктері жоқ, барының өзі дұрыс жабылмайды, қабырғалары қисық қаланған. Қошқарата ауылы, №9 Абай атындағы орта мектебінде «Робототехника» кабинетіндегі ноутбуктер CorеL мен Adobe бағдарламаларын көтермейді. Көлтоған ауылы Байтіков атындағы №8 мектебінде әжетхана құрылысы бітпеген. Рысбек батыр ауылы Жамбыл Жабаев атындағы мектепте әжетханаға жөндеу жұмыстары жартылай да жасалмаған. Жамбыл ауданы Жаңаөткел ауылында орналасқан А.Матросов атындағы негізгі мектебінің директоры Мұхит Оңғарбаев оқушылар пайдаланатын ноутбук және компьютерлердің техникалық сипаттамасын және қашықтан оқыту бойынша ұйымдастырылатын сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Өрнек ауылындағы Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектебіндегі «Рухани жаңғыру» стенді талапқа сай орнатылмаған, ҚР картасында облыстар дұрыс көрсетілмеген. Қаракемер ауылында орналасқан Төле би атындағы орта мектепте кіреберістегі стендтер талапқа сай жасалмаған. Құмтиын ауылында орналасқан №2 орта мектебінде мектеп теңгерімінде робототехника кабинеті жоқ. Тараз қаласындағы №6, №11, №57, №58, №56, №27 орта мектептердегі әжетхана мәселесі де толығымен шешілмеген. Жалпы, зерделеу барысында біраз мектептерде кемшіліктер анықталған болатын, – дейді Исламбек Дастанұлы.

Өз кезегінде, облыстық білім басқармасының аталған мәселе бойынша берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстарын жүргізілуде. Бүгінгі күні 282 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталған. Қалған 1 мектепте санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары  қараша айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.