Мектептерде жаңа оқулықтарды тестілеу жүріп жатыр
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
29 қыркүйектен бастап еліміздегі 34 пилоттық мектепте 2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың апробациясы жүргізіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жұмысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отыр.
Апробация 4-сыныпқа арналған – «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», сондай-ақ ағылшын, неміс, француз тілдері пәндерінің оқулықтарын қамтиды.
Орталық директоры Назира Абдрахманованың айтуынша, апробация жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген оқулықтардың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл процесс ең сапалы әрі тиімді оқу материалын таңдауға бағытталған.
Маңыздысы, сынаққа тек мұғалімдер ғана емес, оқушылар да қатысады. Осы арқылы оқулықтардың қолайлылығы мен тиімділігі жан-жақты бағаланады.
Еске сала кетейік, оқулықтарды сараптау бес кезеңнен тұрады: ғылыми-педагогикалық сараптама, жетілдіру, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік комиссияның қорытындысы.
Ал сарапшы болуға ниетті педагогтер bmso.kz ресми сайтындағы сауалнаманы толтыра алады.