Облыс әкімі ата-аналармен кездесті

77

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық және қылмыстың алдын алу туралы» кеңес отырысына қатысты. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, балалардың құқығының қорғалуын жіті назарға алуды мақсат еткен басқосуға ата-аналар, облыстық білім басқармасының басшылығы мен мектеп директорлары, қамқоршылық кеңестердің өкілдері және жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар да қатысты.
Аудандардағы жауапты тұлғалармен онлайн байланыс орнатылған аталмыш жиынды ашқан облыс әкімі Б. Сапарбаев:
– Бала – елдің болашағы. Олардың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, заманауи, сапалы білім берумен қатар, қауіпсіздігін қамтуға да жауаптымыз. Сондықтан билік, ата-ана, ұстаздар болып бірігіп, бір мүддеге жұмыла жұмыс жүргізбесек, жақсылыққа жетпейміз, – деп алғашқы сөзді облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықоваға берді.
Жастар арасында орын алған олқылықтар мен балалардың құқығы тапталған жағдайларды баяндаған Бақыт Саухынбекқызы комиссия атқарып жатқан жұмыстарды да жеткізді. Бердібек Мәшбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл басқосуда құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар комитеттерінің төрағалары да сөз алып, өз пікірлерін ортаға салды. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова қоғамда әке, ана, ата-әже рөлін нығайтуды көздеген ата-аналар мектебін қолға алатын жұмыстардың жанданатынын жеткізді.

Жиын соңында ата-аналар көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті тұлғалардан жауаптарын тыңдады.

Қамар Қарасаева