Тараз мектептерінде кезекші топтардың саны артты

31
Облыс орталығындағы мектептерде оқу жылының екінші тоқсанынан бастап кезекші топтардың саны артты.
Бірінші тоқсанда тек бастауыш сынып оқушылары ғана дәстүрлі форматта оқыса, енді оларға бесінші сынып та қосылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет қаладағы мектептерді аралап, олардың жаңа басталған екінші тоқсанға дайындығын барлады.
— Егер бірінші тоқсанда 1683 кезекші топ болса, екінші тоқсанда олардың саны 1779-ға жетті. Қазір Тараз мектептерінде дәстүрлі түрде барлығы 18 мың ғана оқушы білім алуда, оның 1300-і жаңа тоқсанда қосылған бесінші сынып оқушылары. Сабақтар әртүрлі уақытта басталады, сондықтан оқушылардың топталуына жол берілмейді, — дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев.
Аймақ басшысы санитарлық-дезинфекциялық және маска режимінің, балаларды шахматтық тізбекпен отыруын және әлеуметтік арақашықтықтың сақталуына баса назар аударды.
№17 орта мектепте дәстүрлі негізде 160 бала оқиды. Барлық кабинеттер дезинфекциялық құралдармен жабдықталған, түгелдей маска тағынған балалар әр партаға бір-біреуден орналасқан.
— Кіреберісте автоматтандырылған өткізу жүйесі бар турникет орнатылған. Ата-аналар баласының мектепке келгені немесе үйіне қайтқаны туралы SMS — хабарлама алып отырады, — дейді директор Мұхтар Досмаханұлы.
Биыл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту, кәріз, сумен жабдықтау жүйелері жаңартылды. Барлық ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары мерзімінде аяқталды.
«Балалар қауіпсіз жағдайда оқиды», — деп сендірді директор.
Сондай-ақ, облыс әкімі №17 мектеп ғимаратында орналасқан №11 сайлау учаскесін аралап көрді. Учаске сайлаушыларды қабылдауға дайын. Үй-жайда мүгедектігі бар азаматтар үшін де жағдай жасалған.
Ал, шаһардағы №24 мектеп-гимназиясындағы 15 кезекші сыныпта 216 бала оқиды. Директор Марина Гладченко антисептик пен термометрлерді алдын ала сатып алып қойғандарын жеткізді. Мұғалімдер әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қатаң қадағалайды.
Аймақ басшысы кабинеттер мен спорт залын көріп, кітапхана жұмысына қызығушылық танытты.
— Балалар кітапханадан екі тілдегі көркем және ғылыми кітаптарды таба алады. Жаңа дүниелер тұрақты түсіп тұрады. Олар сүйікті кітаптарын QR-код арқылы да жүктей алады, — деді Марина Гладченко.
Облыс әкімі оқу-тәрбие үрдісіне айрықша көңіл бөлінетіндігін ескеріп, мектеп басшылығының жұмысына жақсы баға берді.
Рет-ретімен ілінген қазақ хандары мен Ұлы Отан соғысы батырларының портреттері де еріксіз назар аудартады.
— Сіздерден үлгі алып, басқа мектептер де мәселемен шығармашылық тұрғыда айналысуы керек. Балалар өз тарихын білуі тиіс. Өткенсіз болашақ болмайды. Тек нағыз патриоттар ғана біздің елімізді жеңістер мен жаңа жетістіктерге жетелейді, — деді Бердібек Сапарбаев.
Дарынды балаларға арналған «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатында барлық оқушылар қашықтықтан білім алуда. Дегенмен бұл олардың сапалы білім алуына кедергі емес. Оқушылар компьютерлермен, ноутбук, планшеттермен қамтылған.
Айта кету керек, бүгінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия ғимаратына жапсарлас салынған нысанның құрылысы аяқталған. Жаңа ғимаратта 12 сынып және екі мультимедиялық кабинет орналасқан. Мұнда тек 296 бастауыш сынып оқушысы білім алуда.
Сонымен қатар, облыс әкімі №20 орта мектептің құрылысымен де танысты. Ол мердігерге жұмысты сапалы әрі жедел атқаруды тапсырды.
— Құрылысшылар санын көбейтіп, жыл соңына дейін нысанды тапсыру қажет. Келесі жылы оқушылар өз мектебінде оқуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.
Қазір білім ордасының оқушылары №40 орта мектепке қатынауда.