Тараздық оқушы болашақ мектебінің моделін ұсынды: экология және инновацияның үйлесімі

Бүгінгі білім беру жүйесі тек оқулықпен шектелмей, өмірлік дағдылар мен жауапкершілікке баулитын жаңа форматқа көшуде. Осы тұрғыда жас ұрпақтың экологияға деген көзқарасын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Осы өзекті мәселеге нақты шешім ұсынған жоба – Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушысы Абдыкүл Айша мен жетекшісі Байорзова Айнұрдың бірлесіп жасаған «Менің болашақ мектебімнің келбеті» атты ғылыми-тәжірибелік жұмысы. Жобамен Jambylinfo.kz тілшісі танысып, авторларымен сұхбаттасып қайтты.
Бұл жоба тек мектеп ғимаратының сыртқы келбетін емес, оның экологиялық, технологиялық және тәрбиелік мүмкіндіктерін де үйлестіре отырып, болашақтағы заманауи әрі жауапты білім ордасының үлгісін ұсынады.
Жобаның негізінде мектептің макеті жасалып, оған күн энергиясы, жылыжай, телескоп, жер асты субұрқағы мен қоқысты сұрыптау жүйесі енгізілді. Осылайша, оқушы жұмысы өзектілігімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді.
Табиғатпен үйлесімділік және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жер асты су жүйесі арқылы су бұрқақ орнатылды. Бұл мектеп ауласының сәнін арттырып, балаларға экология туралы практикалық түсінік беруге мүмкіндік туғызды.
Сонымен қатар, мектепте қоқысты сұрыптап жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылды. Жоба аясында оқушылармен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, эксперименттер жасап, оларды қоқысты сұрыптап тастауға үйретуге бағытталған. Қазіргі таңда балалар қоқыстарды түріне қарай сұрыптап тастауға дағдыланып келеді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамы ретінде бағаланып отыр.
«Менің болашақ мектебімнің келбеті» жобасы – жай ғана макет немесе байқауға арналған жұмыс емес. Бұл — қоғамға экологиялық мәдениет пен технологиялық ойлауды ұсынатын жас буынның үндеуі. Мұндай жобалар арқылы балалар жауапкершілік, жаңашылдық және шығармашылық ұғымдарын ерте жастан бойына сіңіреді.
Жоба Қазақстан мектептері үшін инновациялық және экологиялық дамудың моделін ұсынып отыр. Бұл тек бір мектептің немесе бір баланың бастамасы емес, ел ертеңі үшін маңызды үлгі.