Үздік студенттер анықталды

39

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «17-қараша Халықаралық студенттер күні» мерекесіне  орай ұйымдастырылған облыстық «Үздіктер таңдауы» байқауы өз мәресіне жетті.

Әлемдегі пандемияға байланысты байқау онлайн дауыс беру форматында өткізілді. Өңір бойынша барлығы 120-ға жуық жастар мен жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері қатысқан аталмыш байқау                      7 номинация бойынша ең үздік студенттерді таңдады. Әлеуметтік желі қолданушылары «Instagram» желісі арқылы үздіктерді анықтады. Салтанатты шарада сөз алған басқарма басшысы Серікбол Қайратұлы «2020 жыл – Волонтерлар жылы» аясында жастарға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, үздік атанғандарды құттықтады.                          – Биылғы еріктілер жылының да аяқталуына аз қалды. Жалпы бұл жылды жамбылдық волонтерлер жемісті өткізіп жатқанына сенімдімін. Өйткені олар арнайы қайырымдылық, жастар акциялары, онлайн кездесулер мен дөңгелек үстелдер, арнайы жобалар мен жүйелі жұмыстар жүзеге асырды. Мұндай шаралар көптің көптің көңілінен шыға білді. Сол секілді халықаралық студенттер күні қарсаңында әлеуметтік желі арқылы үздік білімгерлерді анықтап отырмыз. Әлбетте, көзі қырағы желі қолданушылар тек лайықтыларды таңдап алғанына сенімдімін. Барлықтарыңызға толағай табыстар мен шығармашылық жеңістер тілеймін, – деген Серікбол Қайратұлы қатысушыларға алғысын жеткізді.

Сонымен онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша «Өнерлі жас» номинациясымен республикалық жайдарман ойындарының қатысушысы, жас жайдарманшы  Еркебұлан Спабек, «Жас ғалым» номинациясымен республикалық «Үздік ғылыми мақала» байқауының жеңімпазы Шапағат Ермахан, «Үздік спортшы» номинациясымен кадеттер арасында Қазақстан чемпионы, Түркия және Италия елдерінде өткен «Әлем кубогының» жүлдегері Дімұхамед Баймұратов, «Үздік бейнеролик» номинациямен — Дәулет Смағұлов, «Үздік студент» номинациясымен  Дәурен Мамыш, «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі» номинациясымен Данияр Амантай,  «Жыл студенті» номинациясымен  Бауыржан Жұмат марапатталды. Үздіктерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.