Жамбылда оқушыларға 24,5 мың компьютер мен ноутбук сатып алынуда

98

Еліміздегі пандемияға байланысты 2020-2021 оқу жылында оқу процесі екі түрлі форматта ұйымдастырылды. Облыстағы 229 мектепте 148,7 мың оқушы қашықтықтан және эпидемиологиялық жағдай тұрақты шалғай елді мекендерде орналасқан 213 мектепте 32 мың оқушы дәстүрлі түрде білім алуда.

Бұдан бөлек, қашықтықтан оқытатын 222 мектептегі 4 385 кезекші бастауыш сыныпта 58 мың оқушы білім алуда.

Қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында мектептердің теңгеріміндегі 17,5 дана компьютер аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестірілді.

Сондай-ақ, облыс мектептерінің оқушыларына 2030 планшет таратылды.

Бұдан басқа, республикалық бюджеттен 24,5 мың бірлік компьютерлік техниканы сатып алуға қосымша қаражат бөлінді, оның ішінде 2756 компьютер, 20156 ноутбук, 1541 планшет бар. Компьютерлік техниканың бір бөлігі ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде жеткізіледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек қашықтықтан оқитын мектептердегі аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балаларын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен сатып алынатын 20267 роутердің 3437-сі мектептерге жеткізілді. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

Компьютерлік техникаларды сатып алу, тарату жұмыстары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық офисінің тікелей бақылауында.