Жаратылыстану жүйрігі Жалғас

149

Білімді бала – еліміздің ертеңі, ұлттың болашағы. Шын мәнінде, мектепте алған білім-білігін, тәлім-тәрбиесін, зеректігін, алғырлығын қазірден дәлелдеп жүрген оқушыға қоғам тарапынан құрмет көрсетіліп жатса, олар өзіне артылған сенім үдесінен шығуға тырысады. Болашақта артылар жауапкершілік жүгінің салмағын сезініп өседі. Нәтижесінде дарынды жастар өркениетті елдер көшіне ілескен еліміздің ертеңгі тұтқасына, ел мен жердің иесіне, ұлт намысына айналады. Осыған орай біз газетіміздің бүгінгі санынан бастап «БілімдіLIKE» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Мақсат – облыстағы орта білім беретін мектептерде білім алып жүрген озат және дарынды оқушыларды газет арқылы насихаттап, жеткен жетістігін өзге оқушыларға үлгі ету.

Жалпы облысымыз білім сапасы бойынша республикада жоғары көрсеткішке ие. Мәселен, жаңа оқу жылы басталғалы TIMSS халықаралық зерттеуінің нәтижесінде жамбылдық орта мектеп оқушылары республика бойынша І орынды иеленді. Ауыл мектептері арасындағы «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының қорытындысы бойынша да жамбылдық 91 оқушы жеңімпаз атанды. Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясындағы дарынды жастар мен көшбасшыларды қолдау және дамытуға бағытталған «Елбасы медалі» жобасында да жамбылдық 31 оқушы қола медаль иегері атанған. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының Х халықаралық конкурсында да жамбылдық
6 оқушы алтын, күміс, қола медальдарды қанжығалады.
Осы тектес сан түрлі білім бәсекелерінде лайықты жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушының бірі – Жалғас Сайлаубай. Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жалғас аталған білім беру мекемесінің ғана емес, облыстың үкілеген үміті. Зейінді де зерек жастың бойында өз алдына белгілі бір мақсат қоя білетін, ізденімпаз, еңбекқор, белсенді, тәртіпті, үлгілі секілді айрықша қасиеттер жетерлік. Кейіпкеріміз лицей-интернатқа қабылданғалы әртүрлі елдік деңгейдегі және республикалық білім додаларына қатысып, сан мәрте олжалы оралған. Физика пәні бойынша дарынды балалар арасындағы республикалық олимпиададан бұрнағы жылы ІІІ, былтыр ІІ орын алыпты. Сонымен қатар халықаралық Жәутіков олимпиадасының да екі мәрте күміс жүлдегері.
– «Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді қазақ. Менің осы жетістіктерге жетуіме қазіргі жетекшім Мухарем Картав және әр жылдары сабақ берген Жамбыл Әжібаев, Дәулет Мұқыбаев, Ержан Жұмаділов, Жақсылық Ақын, Ринат Жұмаділ секілді физика пәні мұғалімдерінің еңбегі сіңді. Жалпы біздің лицей-интернаттың ұстаздары заман талабына сай инновациялық оқыту технологиялары мен оқытудың әртүрлі техникалық құралдары мен заманауи әдістерін қолдану арқылы санамызға сәуле ұялатумен келеді.
7-сыныпқа дейін Тараз қаласындағы №17 орта мектепте білім алғанмын. Лицей-интернатқа 6-сынып оқып жүргенімде арнайы іріктеу емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтудің арқасында қабылдандым. Кез келген жетістік біліммен, еңбекпен келетіні анық. Сол үшін білім-ғылым игеру жолында талмай, бұдан да биік белестерден көрінсем деген мақсатым бар. Болашақта «Биоинженер» мамандығын игеріп, рак және жүрек ауруына шалдыққан науқастарды дертінен айықтыруды армандаймын, – дейді дарынды жас.
«Білім-Инновация» лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Мухарем Картав шәкірті қазір «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының іріктеуінен өтіп, ҚР ұлттық құрама командасының сапына енгенін айтады. Алдағы уақытта шетелдерде дүниежүзілік түрлі пән олипиадалары ұйымдастырылатын болса, еліміздің атынан сынға түседі екен.
Жалғасқа математика, физика және информатика пәндерінен өткен ХVІІ халықаралық Жәутіков олимпиадасында физика пәні бойынша бақ сынап, күміс медаль иелену оңайға соқпаған. Бұған ол тыңғылықты дайындық, ұдайы оқу мен тоқудың арқасында қол жеткізген. Бұл сайыс 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Алматы қаласында өтіп келеді екен. Былтыр да, биыл да әлемдік пандемия жағдайына байланысты аталған олимпиада онлайн түрде өтіпті. Осы додаға әлемнің 21 елінен мыңнан астам оқушы, 146 команда қатысқанын ескерсек, Жалғастың жетістігі масаттануға тұрарлық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ