Жас қазақстандықтар Бакудегі халықаралық экономика олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан құрамасы экономика пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада (International Economics Olympiad, IEO) жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бизнес-кейс бойынша командалық кезеңде АҚШ, Жапония және Ұлыбритания елдерінің қатысушыларынан озық шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олимпиада 20–29 шілде аралығында Баку қаласында өтті. Дүниежүзінің 55 елінен келген 280-ге жуық мектеп оқушысы өзара бақ сынасты.
Ұлттық құраманың қатарында Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары болды:
Батырхан Мұхтархан – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы;
Әділет Абзалиев – Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Нұрхан Төлеев – Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Томиiris Оспан – Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы;
Даниал Арыстан – Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы (грамота иегері).
Халықаралық экономика олимпиадасының мақсаты – оқушылардың экономикалық және қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлік қабілетін дамыту және оларды жаһандық экономика жағдайында кәсіби бағдарлау. Олимпиада барысында қатысушылар жеке және топтық тапсырмалар орындайды, бизнес-кейстер шешеді, қаржылық жоспарлау мен экономикалық талдау саласындағы білімдерін көрсетеді.
Қазақстан бұл олимпиадаға 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық команда 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль жеңіп алған.