Білім

Жасанды интеллект саласында жаңа зертханалар ашылды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Al-Farabi AI Center ғылыми-зерттеу орталығы құрамындағы Farabi AI in Healthcare & Life Sciences Lab және Farabi Agentic AI Lab зертханаларының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Динара Щеглова, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, UWEE Group ротациялық төрағасы, Бейжің қаласының экономикалық даму департаментінің кеңесшісі Гилберт ван Керкхове, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.

Министр өз сөзінде бұл жобаның жасанды интеллектті экономика мен әлеуметтік салаға енгізудегі стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа зертханалар тек теориялық зерттеулермен шектелмей, медициналық деректерді талдау, биоинженерия және интеллектуалды жүйелерді дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ 30-ға жуық ғылыми жобаға өтінім беріліп, MIT, Harvard және Stanford сияқты жетекші университеттермен ынтымақтастық орнатылғаны айтылды.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев бұл орталықтар жас ғалымдар мен IT мамандарға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тұсаукесер барысында AlfaFlow, AlfaWorld, AlfaBrain және AlfaEnergy сияқты инновациялық жобалар таныстырылды.

Қатысушылар жаңа зертханалар университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, инновациялық дамуға серпін беретінін жеткізді.