2026 жылдан бастап МӘМС бірнеше созылмалы ауруды қамтиды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетілетін болса, созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бірқатар созылмалы аурулары бойынша бақылау мен емдеу енгізіледі.
Бұл тізімге келесі ауру түрлері кірді:
- қант диабеті;
- балалардың церебралды сал ауруы;
- дәнекер тіннің жүйелі аурулары;
- ревматизм;
- артериялық гипертония;
- жүректің ишемиялық ауруы және өзге де жүрек аурулары;
- төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
- бүйрек аурулары, оның ішінде гломерулярлық аурулар, созылмалы бүйрек ауруы;
- ас қорыту жүйесінің аурулары;
- сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары.
Бұл диагноздары бар адамдарға амбулаториялық және стационарлық жағдайларда, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, қымбат дәрі-дәрмектерді қоса алғанда, барлық қажетті ем түрлерін алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, аталмыш диагноздары бар азаматтардың көпшілігі жеңілдік санаттарына кіреді және мемлекет есебінен сақтандырылған. Тағы бір бөлігі D және E санаттарына жатады, олар келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жарналары есебінен сақтандырылмақ.