Аудандағы ахуал тұрақты

29

Мойынқұм ауданында коронавирус індетінің алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе санитарлық талаптардың сақталуына ерекше мән берілген.

Мойынқұм аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен екінші кезең басталған кезде елу инфекциялық төсек қайтадан ашуға дайындалған. Оның ішінде бес реанимациялық төсек, бір палата реанимацияциялық жабдықтармен жабдықталған. Он сегіз дәрігер, отыз алты орта буынды медицина қызметкерлері, отыз алты кіші буынды қызметкерлер тізімі даярланып, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына ұсынылыпты. Аудан бойынша бес мобильды топ құрылған, барлық топ медицина қызметкерлері мен санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмектің (антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар, ыстық түсіретін тағы да басқа), медициналық бұйымдардың (бір реттік костюм, бетперде, қолғап,көп реттік костюмдер, дез. сұйықтықтар) 2 айға жеткілікті қоры бар және алдағы уақытта сұраныс арқылы тағыда жеткізіледі.

Желтоқсан айының 1-8-і аралығында 90 ПТР анализы алынды,  оның 2-уінің қортындысы оң(+) мәнді, 2 пациенттің екеуіде облыстық инфекциялық ауруханаға жіберілді. Аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде 46 науқас жатыр, оның 13 пневмониямен емделуде.

Ауданда бұдан бөлек демеушілердің көмегімен медициналық құрал-жабдықтар алу жалғасуда. Ағымдағы жылдың 15 қазанында Ақбақай ауылындағы «Алтын Алмас» акционерлік қоғамынан 2 медициналық көпбейінді төсек, 20 пульсооксиметр, 5 контактісіз термометр, 2 ВМ емделуші мониторы және 1 автоматтық инфузиондық сорғы келген. 2 өкпені қолдан тыныстандыру аппараты республикалық бюджеттен берілсе, қарашада реанимобиль автокөлігі де сапқа қосылған.

Жедел респираторлық инфекция мен тұмау маусымына 10160 адамға вакцинациялау жоспарланса, бүгінгі таңда 9660 азаматқа екпе жасалған. 500 балаға ревакцинация салынған. Нәтижесінде қазан-қараша айларында амбулаториялық ЖРИ мен тұмау тіркелмеген. Ал ауруханаға жоспарлы түрде жатарда міндетті түрде ПТР тесті алынуда. Соңғы айларда 318 ПТР сынамасы алынып, барлық қорытынды теріс шыққан.