Ауылдардан дәріхана ашуға не кедергі?

0 87

Әлемдік пандемия өңір тұрғындарына оңай тимегені белгілі. Әсіресе дәрі тапшылығы қос бүйірден қысып, талай халықты зар жылатты. Бұл мәселеге билік жіті көңіл бөліп, дәріханаларды медициналық препараттармен қамтығанымен әлі де болса ақсап тұрған тұсымыз баршылық…

Тараз қаласына тиіп тұрған Байзақ ауданы Шахан ауылының тұрғындары дәріхананың тапшылығын айтып, дабыл қағуда. 500-дей халық тұрып жатқан ауыл аудан орталығынан 45 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Ал ауылда ашылған медициналық пункте дәрі-дәрмек жоқ.
– Коронавирустың алғашқы толқынында қатты қиналдық. Ауылдық медициналық пункте қажетті дәрі-дәрмек болмағандықтан ең жақын деген 30 шақырым қашықта орналасқан Мырзатай ауылындағы дәріханаға сабылдық. Ауылдан аудан орталығына қарай жүретін екі-ақ такси бар. Міне, осы таксилердің жолын тосып отырамыз. Бір бағытта жүретін такси құны – 700 теңге. Ал барып-келу үшін 1400 теңге жұмсайсың. Аудан орталығына, әлде Мырзатай ауылындағы дәріханаға барғанда іздеген дәрің табыла қалса жақсы. Табылмаса, амал жоқ Таразға тартуыңа тура келеді.
Егер ауылдық медициналық пунктің жанынан дәріхана ашып қойса, қара халық үшін үлкен көмек болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Күләш Оңдағанқызы.
Ауылдағы ағайынның қиналып жатқанын учаскелік дәрігер Әлия Асқанова да жасырмай отыр.
– Індет өршіген тұста күніне 40 науқасқа дейін қабылдадық. Деніне система салу керек болғандықтан қолымызда қажетті дәрі-дәрмек болмады. Содан амал жоқ рецептін жазып, дәріні өздеріне алдырдық. Аудан орталығынан дәріні тапсырыс беріп алдырғанның өзінде таксидің аздығынан ол саған бір тәуліктен кейін жетеді. Осындай қиын жағдайда науқастардың денсаулығы үшін күресуімізге тура келді.
Негізі аудандық медициналық пунктің ішінде бос бір бөлме бар. Қолымда дәрі-дәрмек сатуға рұқсат беретін лицензиям да тұр. Егер құзырлы мекемелер рұқсат берсе, медициналық пунктің жанынан дәріхана ашып қояр едім. Тек, рұқсат берсе болғаны, – дейді учаскелік дәрігер.
Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының тұрғындары да елді мекеннен дәріхана ашуды сұрайды. Себебі аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта жатқан ауыл жұртшылығы қарапайым цитрамон алу үшін көлік жалдап, алысқа ат арылтуға мәжбүр. Елді мекеннен бұрнағы жылы медициналық пунк ашылғанымен ондағы дәрігерлер тек рецепт жазып берумен шектелуде. Өйткені медициналық мекеменің дәрі-дәрмек қоры аз. Осыған орай тұрғындар аудан орталығына бара қалатын болса, дәріні қорабымен сатып алуға тырысады. Алайда қазіргідей қиын жағдайда орталықтағы дәріханалардың өзінен қажетті дәрінің бәрі табыла бермейді. Сондықтан 200 түтіні бар ұланбелдіктер ауылдағы медициналық пунктің жанынан бір дәріхана ашып қойса, қажеттіні сол жерден алар едік деген тілегін айтуда.
Жалпы бұл облыстағы 370 ауылдың басында бар жағдай. Қай-қайсына хабарлассаң да, ауылдан медициналық пунк ашылғанымен онда дәрі-дәрмектің жоқтығын айтады. «Оның орнына бір дәріхана ашылса» деген жанайқайларын жеткізуде. Осы орайда біз ең алдымен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, ауылдық жерден дәріхана ашу тәртібін сұраған едік. Алайда ондағылар дәріханалардың жұмысына бұрынғы «СЭС», қазіргі облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті рұқсат беретіндігін айтты. Содан аталған департамент басшысының орынбасары Мадина Шиналиеваға хабарластық. Мадина Сейділдақызы қандай мәселені қаузағалы отырғанымызды естігеннен кейін телефон тұтқасын тастай салды. Екінші мәрте қоңырау шалып едік, телефонын сөндіріп тастады. Түкті түсінбей баспасөз қызметіне шықтық. Ондағы маман біраз уақыттан кейін қайта хабарласып: «Мадина Сейділдақызы ауылдардан дәріхана ашу үшін өтінімді аудан әкімдері беруі керек деген жауап берді» деді. Одан бөлек, «әкімдер өтінімді департаментке қалай жолдайды, жалпы дәріхана ашу үшін қойылатын қандай талаптар бар?» деген сұрағымызға не баспасөз қызметі, не департамент басшысының орынбасары жауап бермеді. Тек, «жақын арада сізге бір маманымыз хабарласады» деп қайырды. Жауапты мекемеден осындай жауап естігенде не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Осы ретте ауылдағы дәріхана мәселесін облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов та көтеріп жүргенін құлағымыз шалып, халық қалаулысына хабарластық.
– Мәслихатқа «Ауыл» партиясының атынан өткендіктен менің жұмысым ауылдағы ағайынмен тығыз байланысты. Бұрын халықты жеңілдетілген несие, кепілге қоятын мүлік, мемлекеттік субсидия сынды мәселелер толғандырса, қазір қара халық ауылдан дәріхана ашып беруді сұрайды. Шынында ауылда медициналық пункт болғанымен дәріхана жоқ. Ауыл тұрғыны бір дәрі алу үшін жүздеген шақырым қашықтықта жатқан аудан орталығындағы дәріханаға баруға мәжбүр. Мен осы мәселені зерттеп, медициналық пунктің жанынан дәріхана ашуды депутат сауалы ретінде жолдасам деп отырмын. Осыған дейін ауыл шаруашылығы мәселелеріне қолдауын білдіріп келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та бұл түйткілді назардан тыс қалдырмайды деп сенемін, – дейді Ерболат Байұзақұлы.
Қалай дегенде де, бұл бей-жай қарайтын мәселе емес. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бағыттауы бойынша біз Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовке хабарласып, жергілікті биліктің Шахан ауылынан дәріхана ашуға өтінім беруге мүмкіндігінің бар-жоғын сұрадық. Аудан әкімі бұл мәселені жіті назарға алып, толықтай тексеріп, жақын арада бір шешімін шығаруға уәде етті.
Барлық аудан әкімдері елді мекендеріндегі осы мәселеге зер салып, зерделеп, бұқараға қол ұшын созса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін әрине ең бірінші облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары шалқалап жатып алмай, әкімдермен тығыз жұмыс жасауы керек. Себебі бұның артында мекемелердің менмендігі емес, тұрғындардың денсаулығы тұр.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.