Қазақстанда вейп тарататындар мен сататындар енді қылмыстық жауапқа тартылады
Сенат вейптердің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норманы мақұлдады
Қазақстанда вейптің өндірісі, елге әкелу, сатқаны және таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Бүгін сенат депутаттары электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салатын норманы мақұлдады. Оған сәйкес, елімізде вейпті сатуға, таратуға және елге әкелуге, оның өндірісіне толығымен тыйым салынады. Бұл талапты орындамағандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр.
Айта кетері, сенат бұған дейін мәжіліс қабылдаған «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, оған бірқатар түзету енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарды. Алайда вейптердің айналымына тыйым салу туралы норма сенат депутаттары тарапынан мақұлданды.