Денсаулық

COVID-19: Ішек инфекциясына қатысты дақпыртқа сенбеңіз!

COVID-19: Ішек инфекциясына қатысты дақпыртқа сенбеңіз!

Барша әлем COVID-19 індетінен дүрлігіп, денсаулығына алаңдап отырғанда «болжамды екінші толқыны әсіресе балалар үшін қауіпті екен» деген алыпқашпа сөз желдей есіп, көңілдегі қорқыныш бұлтын тіптен қоюландыра түсті. Дәл қазіргі уақытта балалар арасында КВИ-дан бұрын ішек ауруы өршіп, дертке шалдығушылар күн санап көбейіп барады. Ата-аналардың алаңдаушылығын алға тартып, жағдайдың анық-қанығын мамандардан сұрап көрдік.

Әдетте ішек инфекциясы жаз айларында өршиді. Себебі инфекцияны таратушы – шыбын жәндігі. Сонымен қатар жуылмаған жеміс-жидек, көкөністер, бұзылған тамақ та осы ауруға шалдықтыратыны белгілі. Күннің ыстығында көптеген ас-ауқаттың тез бұзылатыны тағы бар. Міне сондықтан жаз айларында белең алатын іш ауруының қыстың аязды күнінде дендегені бізді де ойландырды. Көкейкесті сауалымызға облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шатаевадан жауап алдық.

Облысымыздың бас педиатрының айтуынша, қыркүйек-қазан айларында облыс аумағындағы жұқпалы ауруларды емдеу мекемелерінде 14 жасқа дейінгі 195 бала ішек инфекциясы бойынша ем алған. Ем алушыларда дене қызуының жоғарылауы, іші ауырып, іші өту және жүрек айну, құсу байқалған. Лабораториялық зерттеулер 8 балада сальмонеллез, төртеуінде бактериялық іш ауруы (бактериальная дизентерия), 183-де асқазан-ішектік қабыну екенін анықтапты. Науқастанып, медициналық мекемеге келген балалардың бәрі де коронавирус жұқпасына ПТР сынамасынан өткізілген. Бәрінде де теріс нәтиже көрсеткен.

 

Қ.Қарасаева