COVID-19: вакцина салдырдыңыз ба?
Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус індетіне қарсы жалпы вакцинация басталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, екпе үш кезеңде жүргізілмек. «Спутник V» вакцинасы ең алдымен медицина қызметкерлеріне салынатын болса, одан кейін білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне, ал үшінші кезең студенттер мен оқушыларды қамтымақ. Осылайша министрлік жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Одан бөлек вакцинация ерікті түрде де жүргізілуде. Бүгінгі таңға облыста 1000 адам екпе салдырып үлгерген. Алайда ел арасында вакцинацияға қатысты үрей мен үміт қатар жүруде. Біреулер екпе алған дұрыс десе, енді екіншілер вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Осы орайда «Халық сөзі» атты жаңа айдарымызбен тұрғындардың пікірін тыңдап көрген едік.
Бір жыл бойы үкімет сақтық шараларын күшейтіп, бәрімізді үйде ұстап келді. Соның арқасында өзге елдерге қарағанда біздегі жағдай қалыпты болды. Енді қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдайды ғой. Тағы жырты жыл дейді ме, әлде бір жыл ма үйде отырып, сақтануға дайынбыз. Тек бізге толық сынамадан өтіп, емі дәлелденген вакцина ұсынса болғаны. Өзіміздің отандық вакцина болса да сеніміміз артар еді. Сондықтан әліптің артын бағып, сәл күте тұру керек сияқты, – дейді қала тұрғыны.
Міне, халықтың пікірі осындай. Біреулер вакцинаны ерікті түрде салдырғанын айтса, екіншілер екпеге ақша төленгеніне күмәнмен қарап отыр. Ал үшінші жақ вакцина салдыруды асығыстық деп есептейді. Біздікі бұқараның үнін жеткізу. Ал кімдікі дұрыс, әлде бұрыс екенін көзі қарақты оқырман қауым өздеріңіз бағамдай жатарсыздар.
Саян ТІЛЕУЖАН